«Ерте ме, кеш пе, кінәлілер бәрібір жазаланады. Оның жазасын беруді Жаратқанға тапсырыңыз». Оқиғасын баяндап, редакциямызға хат жолдаған оқырманымыздың жазбасын осылай бас-тады. Басынан өткен көп қиындыққа төзе біліп, жақсылықтан үміт үзбеген кейіпкеріміз балалары үшін ештеңеге мойымай, алға қадам басқанын тағдырлас жандарға үлгі етеді.
Сәлеметсіздер ме?
Басымнан кешкен оқиғаны баяндап бергім келеді. Күйеуіммен отбасын құрып, 4 қызды болдық. Марқұм енем де, күйеуім де қыз балаларды бала құрлы көрмейтін.
Шаңырақ иесі болып қалатын, ұрпақ жалғастыратын ұл бала туып беруімді үнемі айтып, тыным бермейтін. Екеуі үлкен адамдар болса да, ұл бала туу менің қолымда емес екенін білсе де соған мені кінәлайтын.
Айтуларынша, мен шын көңіліммен ниет етпеймін. Бұл әулеттің ұрпағы жалғасуын қаламайды екенмін. Мен қара ниетті адам болған соң да Жаратқан маған тек қыз бала береді екен.
Міне, осылайша бәріне тек мен кінәлі болдым. Жер хабар бермесін, марқұм енем өте қиын адам еді. Баласының басын айналдырып, маған үнемі қарсы қойып отыратын. Сол кездегі түсінік солай болды ма, білмеймін. Әйтеуір қандай қорлықтарына да көніп жүре беріппін.
Тұңғыш қызым 12 жасқа келгенше олардың маған деген адам төзгісіз қарым-қатынасына шыдам келдім.
Егер күйеуім көзіме шөп салып, басқа әйелге кетіп қалмағанда қазірге дейін солай жүре берер ме едім?!
Осылайша 13 жыл отасқан жан жарым маған басқа әйелмен көңіл қосқанын, ол әйел жүкті болғанын, сол әйел оған ұл туып беретінін, мен орындамаған арманын сол әйел орындайтынын, өйткені оның ниеті түзу адам екенін айттты. Мені төрт қызыммен үйден қуып шығып, сол келіншекті кіргізді. Біз далада қалдық. Ағам мен әпкем бар. Әпкем ажырасып кетуім керек екенін айтып жүретін. Артымыздан лақтырып салған киімдерімізді көтеріп, әпкемнің үйіне бардым. Ағам басқа қалада тұрады. Ол кісінің қолына бара алмадым. Әрі жеңгемнің қолында ары кетсе бір ай тұрармыз. Содан артық тұру мүмкін емес еді.
Әпкем мені қыздарыммен бірге еш қиналмай қабыл алды. Үйінің жанындағы уақытша үйін (времянка) бізге жөндеп берді. Маған өзімен бірге базарға саудаға шығып, табыс тауып, балаларымды асырауымды айтты.
Үлкен қызым қолқанат болып қалған. Кішкентайынан ақылды болып өсті. Үнемі маған қолдау көрсетіп, кетіп қалуым керек екенін кішкентай болса да арасында айтып қоятын. Сіңлілеріне де өзі қарады. Үйді де тазалап қоятын. Керек десеңіз, тамақ та пісіріп үйренді.
Кейде шаршап келгенімде қызымның жасаған тамағын жеп отырып, осындай ақылды перзент берген Жаратқанға көп шүкірлік айтып, көзіме жас алатынмын.
Немерелерімен шырылдап, далада қалған кезімде әжелерінің тіпті оларға жаны ашыған да жоқ. Қайта шоқ-шоқ деп отырғандай болды.
Қыздарын «ұрпақ» деп санамайтын әкесі ештеңеге қарамай, бізді далаға қуып шығып, жас келіншегімен бақытты өмір сүріп жатты. Естуімше сол жас келіншек оларға қалауларын орындап, ұл туып берген екен.
Сол кезде несін жасырайын, өмірдің әділетсіздігіне қатты күйіндім, өйткені, 4 қызымның еш кінәсі жоқ еді. «Олар әке мейірімін көрмей өсетіндей еш жазығы жоқ кінәсіз періштелер ғой» деп қатты қиналған кезім болды.
Бұл күйзелістен де әпкем алып шықты. Мықты болып, өзімді қолға алып, жұмыс істеп, ақша тауып, қыздарымды асырау – міндетім екенін және олар көрмеген мейірімді еселеп көрсету де менің міндетім екенін үнемі есіме салып отырды.
Намысқа тырыстым, тынбай жұмыс істедім, ақша таптым. Несін жасырайын, енем мен күйеуімді Жаратқан жазалауын іштей тілейтінмін. Олар әрине, ұлды болған соң, дүркіретіп той жасап, сол әйелді ерекше құрметке бөлеп жатқанын да естіп, біліп отырдым. Арада 4 жыл жылжып өте шықты.
Мен сол кезде аяққа тұра бастаған едім. Сауда-саттығым да сәтті жүріп, қыздарымды ештеңеден кем қылмай өсіріп жаттым. Сол 4 жылда әкесі де, әжесі де қыздарды бір рет көруге келмеді. Біз де оларға бармайтынымыз анық еді.
«Уақыт бәріне емші» демекші, сол кезде мен өз-өзіме келіп, бар ойым балаларымның бақыты болды.
Алғашында күйеуім мен енемнің жазалануын қалайтын едім. Кейін сол ойдан да арылдым. «Бәріміз үшін қайырлысы осы болған шығар» деп ойладым.
Барлығы бір Жаратқанға тапсырдым да қыздарыммен бақытты өмір сүріп жаттым.
Шынын айтқанда, әкелерімен бірге тұрғанымызда бір де бір рет дастархан басында көңілді отырып тамақ ішпеппіз. Тіпті, балаларым әкесінің көзіне тіке қарай алмайтын. Қатты қорқатын. Әжесі екеуі оларды отырса опақ, тұрса сопақ қылды. Әрбір әрекеттерінен кемшілік табатын. Мен туған қыздар болғаны үшін мені де сөгіп, жер-жебіріме жететін. Сондай өмірден құтылып, өз бетімізше бақытты бола бастадық. Құлындарым маған тек қана қолдау көрсетті. Бәрі ақылды болып, өсіп жатты.
Бір күні күтпеген жаңалық естіп, таң қалмасым бар ма? Әлгі енем мен қыздарымның әкесі жер көкке сыйғызбай жүрген келіншек туып берген ұлының әкесі басқа біреу болып шыққан екен. Мұндай сорақылықты естуіңіз бар ма? Күйеуім мен шешесі бала 4 жасқа келгенде бір-ақ білген.
Шындық қалай ашылғанын білмеймін, бірақ бала ауырып, соған әкесінен қан керек болған.
Сол кезде бір жағдайлар сәйкес келмеген соң, шешесі күдіктеніп, ДНК- сараптамасын жасатуды ұсынған. Жасырын жасалған сараптама нәтижесін білген соң, әйелінен жауап алыпты. Жан керек болған келіншек шындықты мойындапты-міс. Ел аузына тараған әңгіме менің де құлағыма жетті. Шынымды айтсам, іштей қатты рахаттануым керек еді. Алайда менде еш сезім болмады. Бірақ «бұл енем мен күйеуімді Жаратқан жазалауы» деп түсініп, «Қыздарының көз жасы мен обалы жібермеді» деп ойладым.
Содан кейін шешесі мен баласы ол әйелді де үйден қуып шыққан. Жұртқа қарабет болған бұрынғы күйеуім біраз уақыт ел бетіне қарай алмай, сыртқа шықпай үйінде жатты. Бұл масқараны көтере алмады ма, денсаулығы сыр беріп жүрген шешесі қайтыс болды. Қайтыс болардан бұрын менімен сөйлескісі келетінін бірнеше адамнан айтып жібергенін естіген едім. Мен барып сөйлеспедім, өйткені сөйлескім келмеді. Анасы қайтыс болған соң, баласының жағдайы тіптен мәз болмады. Ішкілікке салынып кетті.
Үнемі үйіміздің алдына келіп, кешірім сұрап жататын болды. Ал мен оны кешіргім келмейді.
«Қыз» деген сол ғой шіркін, бала қатарына санамай, әке мейіріміне бөлемеген әкелерін мүсіркеп, мен жұмыста жүргенде үйге кіргізіп, жуындырып, кір киімін жуып, қарынын тойғызып жібереді екен. Маған айтпаса да мұны біліп жүрдім.
Қазір сол ақымақ болғанын айтып, кешірім сұрап жүр. Әкелік міндетін, күйеу борышын атқаруына тағы бір мүмкіндік сұрайды. Бір ғана мүмкіндік берсем, барлық қатесінің орнын толтыруына барын салатынын айтып жүр.
Менің оған ішім жылымайды. Ал туысқандарым қыздарым үшін оның сұраған бір мүмкіндігін беруім керек екенін айтып қалады. Әпкем қандай шешім қабылдайтынымды да өзіме қалдырды.
Қыздарым да соңғы шешім қабылдау менің еркімде екенін түсініп, қандай шешім қабылдаса да құрметпен қарайды.
Ең кенже қызым әлі кішкентай ғой. Әкесімен бірге өмір сүруімізді айтып қояды.
Қыздарымның бір өтініші – әкелерімен араласуына қарсы болмауым. Мен қарсы болмаймын. Қазір ол қыздарын жақсы көреді. Олардан бар мейірімін аямайды. Өткен қателігі үшін үнемі кешірім сұрап отырады. Ал мен әлі ойланып жүрмін.
Айтпағым, егер сіз кінәсіз болсаңыз, бәрін уақыттың еншісіне қалдырыңыз. Ерте ме, кеш пе, кінәлілер жазаланбай қоймайды.
Жаратқан сондай адамдар күтпеген сәтте, ең бақытты боп жүрген кезінде ең бақытсыз адамға айналдыра алады екен.
Шындық жерде жатпайды. Кінәсіз сәбилердің көз жасы ешкімді ешқашан жайына қалдырмайды. Соған көзім жетті. Кімде қандай ренішіңіз болса, соны Жаратқанға тапсырыңыз да өзіңіз алға қадам басыңыз. Бастысы ешкімге жамандық ойламаңыз.
Жазып алған — Ж.Хумар
«Оңтүстік Рабат», №53, 31 желтоқсан 2020 ж