Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында Шымкент қаласындағы аудандарда «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске қосылды.

Жобаның алғашқы нәтижелері Еңбекші ауданынан көрініп отыр. Бұл туралы бүгін Еңбекші ауданының әкімі Ғ.Ильясов 2020 жылғы атқарылған жұмыстар бойынша тұрғындар алдында есеп беру кездесуінде айтты.

– Жобаның мақсаты ауданның аумағын абаттандыру, дамыту бойынша жергілікті бюджет қаражатын бөлу процесіне қала тұрғындарын қатыстыру арқылы қалалық бюджетті қалыптастырудың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Жоба іске қосылған сәттен бастап тұрғындардан келіп түскен ұсыныстар сараптамалық кеңесте қаралып, басым дауыс жинаған 14 жоба анықталды. Осыған сәйкес 28 үйдің ауласын абаттандыру мақсатында жобалық сметалық құжаттар әзірленді, – деді аудан әкімі.

Одан бөлек, бұл жылғы жоспарға сай 46 көпқабатты үйдің тозығы жеткен аулаларын жөндеу және балалар ойын алаңшаларын қайта құру мақсатында сметалық есептер әзірленді. Ал, 74 көпқабатты үйдің ауласына бюжеттік өтінім берілген.
Айта өту қажет, ауданда былтыр 64 үйдің ауласына абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде жыл қорытындысымен абаттандырылған үйлердің көрсеткіші 565 үйді құрады. Қалған 47 үйдің ауласын абаттандыру инженерлік жүйелермен толық қамтылған соң, 2022 жылға жоспарланған. Сонымен қатар 2011 жылы абаттандырылған 38 үйдің ауласындағы балалар ойын алаңшаларына жөндеу және қайта құру жұмыстары жүргізілді.