Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері мен аудандық әкімдік өкілдерінен жасақталған мобильді топ өкілдері карантин талаптарының сақталуын қатаң қадағалауда.
Мәселен, 5 қаңтар күні сағат 17:18 шамасында Шымкент қаласы Ж. Аймауытов көшесі 57 үйде орналасқан «Автомай» (Мобил 1) май ауыстыру орталығына мониторинг жүргізу барысында карантиндік талаптардың сақталмағаны анықталды.
Келушілерге арналған бөлмеде бір топ азаматтардың кальян шегіп, плейстейшн ойнап көңіл көтеріп жатқандығы, ал қызметкерлердің бір реттік бетпердені тақпағандығы, сонымен қатар кіру кезінде келушілердің дене қызуын өлшейтін құралмен тексерілмейтіндігі анықталды.
Аталған жайт бойынша нысан иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша хаттама толтырды. Жинақталған материалдар Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.