«Кез келген адам уақыты келгенде бұрын жасаған жамандығының зардабын тартады. Қатесін мойындап, тәубеге келгенде көбі кеш қалып жатады. Сондықтан алдағы өміріңізді, болашақты ойлаңыз. Бүгін айыңыз оңынан туса да кейін мүлдем жолыңыз болмауы мүмкін». Редакциямызға хат жолдаған оқырманымыз біреуге істеген қиянаттың жазасын қазір тартып отырғандарды мысал етеді. Бұған өз тағдыры дәлел.

Сәлеметсіздер ме? «Ontustik Rabat» газетінің өткен санындағы «Тағдыр» айдарындағы «Балаларынан безінген күйеуімді Жаратқан жазалады» деген мақаланы оқи отырып, хиякаямды баяндауға бел будым. Сол мақаладағы әйелдің өмірімен өміріміз ұқсас екен.
Бүгінде енесінің араласуы себепті ажырасқан әйелдер қаншама? Тіпті күйеуінен таяқ жегені аздай, енесінің соққысына ұшырағандар да жетерлік. Солардың бірі – мен.
Небәрі 17 жасымда тұрмысқа шықтым. Күйеуім 8 жас үлкен болды. Ол адамды жақсы көргенім соншалық, бойындағы біртүрлі әрекеттерін көрмейтін жағдайға жеттім. «Біреуге ессіз ғашық болу осы шығар» деп түсіндім.
Танысқанымызға 1 жыл толғанда мені алып қашты. Үйленбей тұрғанымызға дейін де мені ашуы келсе ұрып алатын. Жас болғандықтан, бұл әрекеттерге қалыпты жағдай деп қарайтынмын. «Бәрін қызғанышпен жасайды, егер әйелі болып, үнемі жанында болсам, ұрмайды» деп сенімді болдым. Оның шаңырағының табалдырығын аттамай тұрған кезде де маған қол жұмсағанына мән бермедім. Бір жағынан оған деген сезімімді «шынайы махаббат» деп түсіндім.
Менің тозақ сияқты өмірім сол шаңыраққа келін болып түскенде басталды. Тек күйеуім ғана емес, енем де мені таяқтайтын болды. Дәл сондай отбасын көрген емеспін. Бір үйдің екінші қызымын. Әкеміз кішкентайымда қайтыс болған. Анам бізді өсіру үшін үнемі жұмыс істейтін. Үлкен әпкем де тұрмыстан қайтып келген соң, ажырасып кету маған өте ұят жағдай болып сезілді.
Ең бірінші – анамның ел алдындағы абыройын ойладым. «Егер мен де қайтып барсам, ол ұяттан жерге кіреді» деп анам үшін қиындықтың бәріне төзуге тырыстым.
«Үндемей шыдап жүре берсем, бір бала дүниеге келген соң, бәрі басқаша болады» деп сендім. Бірақ олар мені жүкті кезімде де аяған жоқ. Күйеуім күнде жұмыстан келген соң, міндетті түрде бір себеп тауып ұрғысы келіп тұратын.
Ал енем болса, «сенің әйелің сондай, мұндай» деп баласын маған айдап салып отыратын. Күйеуім мені сабап жатқанда өзі шай ішіп, теледидар қарап отыра беретін. «Балаңызға қой десеңізші» деп айтсам, «сен осындай өмірге лайықсың, өз қылығыңнан көріп отырсың» дейді.
Жүкті кезімде сабайтын еді. Сондай кезде қайным араға түсетін. Ішімде бала бар екенін айтып, сабырға шақыратын. Бұлай жалғаса берсе, баласы кемтар болып туылатынын ескертетін. Сондай кезде күйеуім есін жиып, сәл тынышталады.
Міне, осылай тозақ күнімді кешіп жаттым. Шынымды айтсам, өмірде мән қалмады. Үнемі көңілсіз жүрем. Ішім тартып қатты ауырып тұрса да үнемі үйдің жұмысын істеп, тынбаймын. Бір күні ішім ауырғаны соншалық орнымнан қозғала алмай жатқанымда енем келіп, жағдайымды сұрамастан айқайлап, үйдің тірлігі тоқтап тұрғанын айтып, тез тұрып тамақ істеуді бұйырды.
«Сәл ауырғаны басылған соң, тұрайыншы» десем де тыңдаған жоқ. Бір кезде аяқ киімін шешіп алып сонымен ұра бастады. Қатты ашуланғаным соншалық, оны итеріп жібердім. Артқа шегініп барып, шкафқа белін ұрып алды. Содан кейін көзі ештеңені көрмей, қолына не түссе сонымен ұра бастады. Әсіресе оң жақ құлағым тұсынан қайталап ұра берді. Сол соққыдан кейін оң құлағым әлі де дұрыс естімейді. Менің қарсылық көрсетуге шамам болмады. Ішім қатты ауырып, жатып қалдым. Ол ұруын тоқтатпады.
Бір кезде басындағы орамалын шешіп алып, мені қылқындырмақшы болды. Сол кезде қайным келіп, шешесін зорға дегенде шығарып алып кетті.
Шыдамым шегі сол жерге дейін жетті. Сүйретіліп, шешемнің үйіне тарттым. Өйткені күйеуім келген соң, шешесіне сәл қарсылық көрсеткенімді білсе, мені тірі қалдырмас еді. Қорыққанымнан қашқандай болып кеттім. Енем баласына долданып айқайлап жатқанда кеттім де қалдым.
Үйге барған соң, анам жан ұшыра айқайлап, мені көріп қатты жылады. Әпкем екеуі жағдайымның мәз емесін түсінетін. Мен оларға көп оқиғаны жасырып, айта алмайтын едім. Олар қолдаушылары екенін айтып, кез-келген жағдайда менің жағымда тұратындарын ескертіп, отыратын.
Анам енемнің үстінен арыз түсірмекші болды. Әпкем екеуміз тоқтаттық. Екеуінің де жұмысы бар. Жақсы өмір сүретін. Елдің сөзін құлағыма да ілмей жүруімді айтты. Қандай жағдайда да сөзге қалу емес, менің амандығым маңызды екенін жеткізді.
Сол қайтқаннан күйеуімнің үйіне бармадым. Ажырасуға арыз түсірдім. Күйеуім де енем де қарсылық танытпады. Бірден ажырасып кеттік. Баламды аман-есен дүниеге алып келдім. Жаратқан маған тәп-тәтті қыз бала нәсіп етті.
Қызымды босанған соң, жарты жылдан кейін әпкем жақсы бір адамға екінші рет тұрмысқа шықты. Оның баласы жоқ еді. Балалы болып, екеуі бақытты өмір сүріп кетті. Анам екеуміз тым болмаса әпкемнің бақытты болуын, жолдасының жақсы адам болуын тіледік.
Мен содан кейін 7 жыл тұрмысқа шықпадым. Қызымның әкесі менен кейін 2 әйел алды. Екеуімен де бақытты бола алмады. Менен кейінгісі де шыдамды болса керек. 2 жылдай бірге тұрды. Оның да ит қорлықты көріп жүргенін ұзынқұлақтан еститін едім. Бір баласымен ол да ақыры кетіп тыныпты.
Үшіншісі біз сияқты емес, ешкімге есесін жібермейтін әйел екен. Өзіне қол жұмсаған соң, үстінен арыз түсіріп, біраз тентіреткен көрінеді. Содан кейін қайта үйленбеді. Әр әйелінен ажырасқан соң маған келетін. «Қайта қосылайық» деп айтады. Ал мен оны ешқашан қабылдамадым. Қайным отбасын құрған соң, бірден бөлек шығып кеткен. Шешесі өзінің отбасының да шырқын бұзатынын сезсе керек.
Бір күні енемді машина қағып кеткенін естідім. Егер ажырасқан соң, бірнеше жылдан кейін болса, қуанар ма едім. Бірақ қуанбадым. «Жаратқанның жазасы шығар» деп ойладым. Ол содан кейін жүре алмай қалды.
Жаратқан осындай адамдарды өзі-ақ жазалайды екен. Баласы болса, үнемі менен кешірім сұрап, бір мүмкіндік беруімді өтініп жүрді. Мені ұрып-сабап, ит қорлықты көрсеткен әйелге біреудің көмегіне мұқтаж кезінде барып қарауым керек пе? Сондықтан кешірім бермедім.
Ал қызыма әкесімен араласуына қарсылық танытпадым. Кейін анамның «Жалғыз болма» деген сөзін ойлана келе тұрмысқа шықтым.
Шүкір, қазір бақыттымын.
Бұрынғы енем ешкімге керек емес, бір қуыршақтан айырмашылығы жоқ адам болып қалды. Кіші ұлының қолына барған. Үлкен ұлы бірнеше ай да қарай алмаған. Ішімдікке салынып кеткен.
Мен тұрмыс құрып кеткен соң, екінші әйелінен де кешірім сұраған екен. Ол да тұрмыс құрып кеткен соң, не істерін білмей далада қалды.
Әйел адамның жанын әйел адамнан артық ешкім түсінбейді. Баласы мені шырқыратып сабап жатқанда теледидар қарап, рахаттанып отыратын немесе өзі сабап, аузына келгенін айтатын енем соңында біреуге мұқтаж мүсәпір болды да қалды.
Табалағаным емес, бірақ біреуге жамандық істемес бұрын ойланыңыз. Дәл сол кезде болмаса да кейін біреуге жасаған жамандығыңыз алдыңыздан еселеніп қайтары анық. Бұған менің басымнан өткен оқиға куә.

Жазып алған – Ж.Хумар

«Оңтүстік Рабат», №1, 7 қаңтар 2021 ж