Шымкенттегі Абай ауданында «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қорының ұйытқы болуымен асыраушысынан айырылған және көпбалалы аналарды қолдау мақсатында тігін шеберханасы ашылды.
Бұл орында тұрмысы төмен аналар жұмысқа орналасып, нәпақаларын табуына мүмкіндік алмақ. Шиеттей бала-шағаны тәрбиелеп отырғандарға екі қолға бір күрек тауып беруді мақсат еткен қайырымды жандар алдағы уақытта қаланың өзге де аудандарынан дәл осындай шеберхана ашуды көздеп отыр. Айта кетейік, белсенділер көпбалалы аналарға тігін ісін өздері үйретеді.
Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов пен Алтын сақа көшелерінің қиылысындағы ғимаратта ашылған шағын шеберханада 10 әйел тігін ісін үйреніп, тұрақты жұмыспен қамтылды. Олардың арасында Динара Жолтаева да бар. «Бұл игі іс асыраушысынан айырылған біз сияқты отбасыларына жақсы қолдау»,- дейді көпбалалы ана.
Динара Жолтаева, көпбалалы ана: «Жолдасым қайтыс болғанда қиналып жүргенімде осы «Ізгілік» қайырымдылық қоры қолдау көрсетті. Кейін жұмыс керек болғанда да, олар түсіністік танытып, тігін ісін үйретті, қазір тіге аламын».
«Ізгілікте жарысайық» қорының белсенділері шаһардағы көмекке мұқтаж әйелдерге осылайша кәсіп үйретіп, тіпті өз ісін ашуға жағдай жасауды ұйғарыпты.
Асхат МӘУЛЕНОВ, «Ізігілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қорының президенті: «Қайырымды қала қайырымды ісімен танылсын деген ниетпен біз «Ізгілік» тігін шеберханасын аштық. Онда асыраушысынан айырылған, көпбалалы аналарға шынайы көмек көрсетіледі. Балық емес, қармақ беріп тігін ісіне үйретеміз. Көп жағдайда балықтың қадірін білмей жатады. Абай атамыз өнер үйренген адам қор болмайды деп айтқан».
Тігін ісінің қыр-сырын әйелдерге кәсіби шебер Әйгерім Тастанбекқызы үйретуде. Өзі де асыраушысынан айырылған, төрт баланың анасы қордың қолдауы арқасында нәпақасын тауып отыр.
«Ауыр жұмыс істеп, бір аяғым қатты ауырған соң, тігін ісін үйреніп курстардан өтіп дамыдым. Қорға азық-түлік емес, жұмыс сұрап келдім… Олар көмек берді. Енді міне, өзімдей аналарға тігуді үйретудемін»,- дейді тігін шеберханасының меңгерушісі Әйгерім ТАСТАНБЕКҚЫЗЫ.
Қоғамдық қордағылар «мұнымен шектелмейміз»,- дейді. Дәл осындай шағын тігін шеберханаларын қаладағы қалған үш ауданда да ашуды көздеп, шамамен 100 шақты ананы жұмыспен қамтуды жоспарлапты. Олар тігін ісін терең меңгерген әйелдер болашақта өз ісін ашып, кәсібін дөңгелететініне сенім білдіріп отыр.
Шынар Оразова