фото Sputnik / Абзал Калиев

Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін 800 жаңа мектеп бой көтеретінін еске салды. Ол биыл 200 жаңа мектеп салуды тапсырды. Мектептерде «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәндерінен бірыңғай оқулықтар әзірленіп, енгізіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл туралы мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.

«Мектептерде пайдаланылатын тарих оқулықтарында бұрмаланған мәтіндер көп. Мен өзім кейбір оқулықтарды оқып, сапасының төмендігіне таңғалдым. Тарихи оқиғалар мен фактілер оқушыларға бұрмалаусыз жеткізілуі тиіс. Сол себепті «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» бойынша бірыңғай мектеп оқулығын әзірлеуді және енгізуді тапсырамын», деді Тоқаев.

Бұдан бөлек, президент 2025 жылға дейін 800 жаңа мектеп бой көтеретінін еске салды.

Бұл жұмысқа қазірден бастап кірісу қажет. Биыл 200 жаңа мектеп салуды тапсырамын, деп толықтырды ол.