«Қызыл кітапқа» енген жануарды атып алған браконьерлер анықталды

199

Шардара АПБ-ның полиция қызметкерлері браконьерлік деректерін анықтау, экологиялық қылмыстар мен табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы басқа да құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында, күнделікті рейдтік іс-шараларды жүргізуде.

Осы тұста Шардара АПБ-ның ТҚиТ-ның инспекторлары полиция аға лейтенанты Көзбек Сарыбаев пен полиция майоры Бекмұхамбет Теңгебаев және «Охотзоопром ӨБ» инспекторы Әділбек Әуелбеков өздерінің күнделікті қызметтік іс-шаралары барысында, Шардара ауданының аумақтарының бірінде кезекті рейдтерін жүргізіп жүрген. Осы сәтте түнгі сағат 04:30 шамасында беймезгіл уақытта кетіп бара жатқан «Уаз» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында 1 дана «Қарақұйрық» тұяқты жануарының өлі денесі табылған. Қызыл кітапқа енгізіліп, қорғауға алынған жануарды атып алып бара жатқан 3 күдіктіні сол жерде ұстап, ПБ-не жеткізді. Олардың бірі — Шымкент қаласының тұрғыны, бірі — бәйдібектік, енді бірі — Арыс ауданының тұрғыны болып шықты.

Полиция қызметкерлері аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 337-бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Айғақты зат ретінде «Қарақұйрық» тұяқты жануар мен 2 дана 12 калибрлі аңшы мылтығы тәркіленіп алынды. Күдіктілерге қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Осыған байланысты айта кететін жайт, 2020 жылы браконьерлік бойынша 4 дерек тіркелген.

Өз кезегінде полицейлер азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын бұзбауға кеңес береді. Браконьерлік үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Тәртіп сақшылары тағы да Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтарын Қазақстан Республикасының табиғатын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғауға шақырады.