Ө.Шөкеев Түркістан облысы тұрғындарын сайлауға белсенді қатысуға шақырды

98

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы Түркістан облысындағы сайлау учаскелерінде таңғы сағат 7-ден бастауын алды.

Түркістан қаласындағы Мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесінде 2008 сайлаушы тіркелген. Сайлау барысын Өзбекстан Республикасынан арнайы келген бір топ халықаралық бақылаушы бақылауда. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша сағат таңғы 10-ға Түркістан облысында сайлаушылардың 13,3 пайызы дауыс беріп үлгерген. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы №133 сайлау учаскесінде дауыс беріп, жерлестерін сайлауға белсенді қатысуға шақырды.
«Бүгінгі күн еліміз үшін өте маңызды. Еліміздің болашағын қалыптастыратын үлкен саяси іс – шара. Бұл сайлау ерекше сайлау. Өйткені партиялық тізіммен сайлау өтіп жатыр, өте ашық, бәсекелестік түрде. Сондықтан, облыс тұрғындарын өздерінің Конституциялық құқықтарын пайдаланып, белсенді түрде дауыс беруге шақырамын», деді облыс әкімі.
Конституциялық мерзімге сай өтіп жатқан Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген 5 саяси партия қатысуда. Бұл партиялар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға да өз кандидаттарын ұсынған.
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша өңірде сайлау 911 учаскеде санитарлық талаптар қатаң сақталып өтуде. Облыста 1 160138 дауыс беруші бар. Түркістан облысына 320 депутаттық мандат берілген. Оның ішінде облыстық мәслихатқа – 45, Түркістан, Арыс, Кентау қалалық мәслихаттарына – 47 және аудандық мәслихатқа – 228 орын берілген.

Шынар Оразова