«Халықтың алғысы болсын, қарғысы болсын ол бәрімізге ортақ.» Рухани астана -Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов өткен жылы атқарылған жұмыстары туралы есебінде осылай деді.
2020 жылы Түркістанда жаңа әлеуметтік үйлердің қатарын көбейту жоспарланған. Алайда, пандемияға байланысты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтауға біраз кедергілер болыпты. Бірақ соған қарамастан жыл соңында кезекте тұрған 440 мұқтаж азаматқа пәтер кілті тапсырылған. Былтыр тұрғын үй кезегінде тұрған мұқтаж азаматтардың саны 12 441-ді құрапты.
Рашид АЮПОВ, Түркістан қаласының әкімі: «Құрметті жерлестер, атау қала әкімінің есебі деп аталғанымен барлығыңыз білу керексіздер. Елім-жерім деп жүрген әрбір жерлестерімнің бейнеті деп қабылдаңыздар. Жалғыз менің бейнетім емес. Сондықтан да халықтың алғысы болсын, қарғысы болсын барлығымызға ортақ екенін ескерткім келіп отыр».
Қала әкімі атқарылған жұмыстардың барлығына егжей-тегжейлі тоқаталып өтті. Індетке қарсы екпені егу Түркістан қаласында ақпан айынан бастау жоспарланған. Әкім вакцина салдыру үшін алғашқылардың қатарында болатынын жеткізді. Жалпы өткен жылы Түркістанның кірісі 11 млрд. теңгеден асқан, республика мен облыстан 138 млрд. теңге бөлінген екен. Бірақ биыл қала бюджетіне бұдан да көп кіріс келеді деп жоспарланып отыр.
Рашид АЮПОВ, Түркістан қаласының әкімі: «2019 жылы қаланың жалпы бюджеті 101 млрд. теңгемен жабылған болатын. Оның ішінде 6 млрд. таза Түркістан қаласының кірісі. Бұл өте төмен, оған көптеген мысалдар келтірген болатынбыз. Шығынымыз үлкен. 2019 жылы біз 100 млннан артық қаржы жұмсадық».
Киелі шаһар электр қуатымен 99,8 пайыз толық қамтылған. Бірақ әлі де электр сапасына байланысты мәселелер бар екендігін айтқан әкім Рашид Аюпов биыл тұрғындар электр қуатымен 100 пайыз қамтылады деп отыр. Ал ауыз сумен 38 220 абоненттің 37 455-і қамтамасыз етілген екен. Ағымдағы жылы ескіріп, тозығы жеткен ауыз су құбырларын жаңасына ауыстыру мақсатында қаржы бөлініп те қойыпты.
Рашид АЮПОВ, Түркістан қаласының әкімі: «Түркістан қаласында жалпы электр қуаты 2021 жылы толық 100 пайызға шешілетін болады. Электр қуатының өшуі, телевизорды қоссаң жылытқыштың қосылмауы ондай проблеманың барлығы шешімін табатын болады».
Рашид Аюпов пандемияға байланысты уақытында аяқталмаған жұмыстарға, осы жылы баса назар аударылатынын айтты. Өткен жылы жүзеге аспай қалған жобалар үшін қала басшысы тұрғындардан кешірім сұрады. Сонымен қатар, індет кезінде халық қауіпсіздігі үшін жұмыс істеген барлық жерлестеріне алғысын айтты.
Олжас Айдарбек