Мемлекеттік мекемеде қызмет ететін азаматтар адал еңбек етіп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуі тиіс.
Алайда іс жүзінде заңсыз әрекеттерге жол берген фактілер тыйылар емес. Жыл басынан сыбайлас жемқорлықпен 54 тұлға жауапкершілікке тартылған. Осындай заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаментінің арасында «Парасаттылық құзыретінің қалыптастырылуы және жемқорлықтың кез келген көріністерін төзімсіздік таныту жағдайларын жасау мәселелері» жөнінде ынтымақтастық туралы меморандум түзілді.
Азаматтар көп жүгінетін мемлекеттік мекемелердегі сыбайлас жемқорлықты жоюға және халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған «Адалдық алаңы» жобасы аясында ұйымдастырылған семинарда мемлекеттік қызметкерлердің міндеттері, сыбайлас жемқорлықты болдырмау мәселелері айтылды.
«Біз адамдармен мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істейміз. Сондықтан жемқорлыққа жол бермеуіміз керек…» — дейді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр ӨНЕРБАЕВ.
Жемқорлықтың алдын алу бойынша тиісті органдармен жұмыс жасалуда. Алайда өкінішке орай заңбұзушылық фактілері тіркелуде. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметі бойынша жыл басынан 123 жемқорлық фактісі тіркелген. 54 тұлға жауапкершілікке тартылып, 48 адамға қатысты айыптау сот үкімдері шыққан.
Талғар СЕРІКБАЕВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары: «Әлеуметтік салада 3 жылдың ішінде 20-ға жуық қылмыс тіркелген. Биыл 8 қылмыстық іс анықталып отыр. 4 тұлғаның 3-уі сотталды. 1414 нөміріне әлеуметтік саладағы заңбұзушылықтарға қатысты қоңарулар әлі де түсуде».
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен «Шымкент-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мақсаты жемқорлықтың алдын алу.
Жани ҚАМБАР, «Шымкент-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы: «Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты енді пара берген азаматтың, пара алған және ортада жүрген делдалдың да жауапкершілігі бірдей қаралады».
Дәл осындай тәуекелдердің алдын алу мақсатында бүгінде екі департамент арасында «Парасаттылық құзыретінің қалыптастырылуы және жемқорлықтың кез келген көріністерін төзімсіздік таныту жағдайларын жасау мәселелері жөнінде» ынтымақтастық туралы меморандум түзілді.
Сонымен қатар, екі тарапқа да пайдасы бар кездесуде келер жылдан бастап жаппай салық декларациясынан өту мәселесі де баяндалды. Жаңа Жыл мерекесінде мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық тарту етуге болмайтыны кезекті рет ескертілді.
Шынар Оразова