Қазақстанда ерекше баланың ата-анасының бірі зияткерлік меншік құқығын жеңілдікпен тіркей алады. Мысалы, авторлық құқықтар, пайдалы модельдер мен түрлі саладағы өнертабыстар. Бұл тәртіп ҚР Салық кодексінде көрсетілген.

«Зияткерлiк меншiк саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган заңдық мәнi бар әрекеттер жасаған кезде мемлекеттiк баж төлеуден мыналар босатылады: (…) мүгедектер, сондай-ақ бала жасынан мүгедектің, мүгедек баланың ата-анасының бірі…»
(ҚР Салық кодексінің 620-бабы, 5) тармақша)
«Зияткерлік меншік – зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижелері және азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді дараландыру құралдары. Зияткерлік меншік екіге бөлінеді. Біріншісі – өнер туындылары, шығармашылық және ғылыми әзірлемелер, ноу-хау. Екіншісі – компания немесе тұлға басқалардан өзгеше болуы мүмкін нәрселері».
(Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, 961-бап)
Қазақстанда авторлық құқықтардың мемлекеттік тізіліміне мәліметтерді және олардың өзгерістерін енгізу қызметін ҚР Әділет министрлігіне қарасты «Ұлттық зияткерлік меншік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны көрсетеді. Институттың сайты – kazpatent.kz
Ерекше баланың ата-анасының бірі белгілі бір зияткерлік меншік құқығын тіркегенде бекітілген мемлекеттік баждың 15 пайызын төлейді. Ұлттық зияткерлік меншік институты мамандары осылай деп мәлімдеді.
Институттың Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында филиалдары бар, ал басқа өңір тұрғындары институттың байланыс орталығына +7 777 983 8583, +7 775 708 5328 нөмірлері арқылы хабарласа алады.
kazpatent.kz сайтында өнертабыстар, пайдалы модельдер, селекциялық жетістіктер, тауар таңбалары, авторлық және тағы басқа бөлімдер бар. Зияткерлік меншік құқығын тіркегісі келген азаматтар өзіне қажет әр бөлімге кіріп, қажет құжаттар тізілімін тауып, сайтта орналастыра алады.

Нұрлан Бектаев,
«Тұлға.kz» жобасы

«Оңтүстік Рабат», №1, 7 қаңтар 2021 ж