Қазіргі таңда Шымкент қаласында медицина қызметкерлерін коронавирусқа қарсы вакцинациялау жұмыстары басталғаны белгілі. Қаладағы төрт емхана базасында екпе жұмыстары жүріп жатыр.
Халық денсаулығын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер бас болып, бүгінде өзгелерге үлгі көрсетуде. Тәждітажалға қарсы алғашқы екпе жұмысы болғандықтан көпшілік арасында үрей басым екені жасырын емес. Аталған екпенің ешқандай да қауіп қатері жоқ екендігін, індеттің бетін тек екпе ғана қайтаратынының дәлелі ретінде ақ халаттылар алғашқы болып алдыңғы шепте жүр.
Күні кеше №1 қалалық емхананың бас дәрігері Бейсеуов Махамбет Әбдезімұлы коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Екпе егуден бұрын тексеруден өтіп, қарсы көрсетілім жоқ екені анықталды. Махамбет Әбдезімұлы егуден кейін емханада жарты сағат дәрігерлер бақылауында болды.
Бүгінгі күні ақ халатты абзал жан жағдайының жақсы екенін айтып отыр. Вакцинаға қарсы көрсетілімі жоқ емхана дәрігерлерінің басым бөлігі екпе алатын болады.