«Ұлт ұстазының 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өту керек». Осылай деген сенаторлар Үкімет басшысына сауал жолдады.

Жоғары палата өкілдері Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойында атқарылу керек жобаларды тізбектеп берді. Халық қалаулылары алдымен ағартушының ауылына барар жолды жөндеу керек дейді. Осыдан кейін ол жайлы көркем фильм мен ғылыми кітаптар шығаруды ұсынды.

Алтынбек НҰХҰЛЫ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «2022 жылдың 5 қыркүйегінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту үшін Үкімет арнайы хатты дайындап, тиісті жерге жіберілуін қамтамасыз ету. Рухани көсем тұлғасын айшықтау үшін Ахаңа елордадағы көше бойынан еңселі ескерткіш тұрғызу. Мұндай сәулетті ескерткіштер өзі қызмет жасаған Қызылорда, Семей, Алматы қалаларынан да орын алу керек».

Бұдан бөлек, Сенаттың кезекті отырысында уран өндіру жайлы заң жобасы да қаралды. Жауаптылар аталмыш заңның бірнеше тармағына түзету енгізу керек дейді. Еске салайық, бұған дейін ел Президенті жеке операторлар құруға тыйым салған болатын.

Бауыржан ҚАНИЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Заң жобасында уран өндіру кезеңінде уран кен орнының геологиялық құрылымы мен қорларын нақтылау мақсатында өндіру учаскесіне жете зерделеу, жете барлау жүргізу көзделеді. Заң жобасын қабылдау қолданыстағы заңнаманың кемшіліктерін жоюға және уран өндіру процесін жетілдіруге мүмкіндік береді».

Сенаторлардың тағы бірі заңдағы бітпейтін түзетулерді сынға алды. Қанат Сафиновтың сөзінше заңдағы тұрақсыздық, бітпейтін өзгерістер мен толықтырулар сот жүйесінде проблема туғызады.

Қанатбек САФИНОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Өзгеріс енгізілмеген заң қалмады. Мен заң жобасында осы заңдардың көптігін және олардың тұрақты өзгерістерін тоқтатуға бағытталған тиімді тосқауыл таппадым! Алайда заңнамалық техникада мұндай құралдар мен әдістер белгілі».

Айта кетейік, өткен жылы Сенатта 110 жоба қаралып, 18 жоба қайтарылған. Және 2,5 мың заң жобасы қабылданған. Олардың 301-і дербес, 90 пайызы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар.

     Назерке Үкібасова