Абақтыдағы шілдехана…

165

Раянаның туғанына небәрі 10 күн болды. 17-ші  ақпанда қалалық перзентханада дүние есігін ашқан. Перзентханадан шығарда оларды гүл ұстаған не туысы, не жақыны күтіп алмады. Уақытша тергеу абақтысының қызметкерлері анасымен бірге алып кетті. Аты-жөні өзгертілген Алмагүл «Алаяқтық» бабы бойынша айыпталып, қамауда отыр.

Алмагуль АЙТБАЕВА, тергеудегі азаматша: «Қазіргі таңда мен тергеу абақтысындамын, не боларын ешкім білмейді. Бірінші қызым анамда, екіншісі қолымда. Соттан кейін барлығы белгілі болады».

Абақтыға келгенде  жас ана сәбиімен бірге жеке бөлмеге орналастырды. Оның  сөзінше, қажет тағам қоспасы мен жөргек бар: «Барлығы жеткілікті, мекеме басшылығы қажетті заттармен қамтамасыз етті. Қызыма 10 күн, ұйқысы тыныш, тек қарны ашқанда жылайды».

Абақты әкімшілігінің айтуынша, бұл бір ғана жағдай емес. Әйелдер жүкті кезінде іс қозғалып, абақтыға жабылып жатады. Тергеу амалы ұзаққа созылады. Ай-күні жеткен әйелдерді тергеу абақтысынан тікелей перзентханаға жеткізеді.

167/11 түзеу мекемесінде 750 азамат сот шешімін күтіп жатыр. Олардың 50-і қыз-келіншектер. Бірнеше ай бұрын тағы бір әйел кісі сәбиін дүниеге әкеліпті.

Ермек ЖАЛҒАСБАЕВ, 167/11 түзеу мекемесінің бастығы: «Бізде  абақтыда жатқан екі әйел босанды. Аналар мен сәбилеріне  барлық жағдай  жасалған.  Тергеу кезінде босанған әйелдердің айыбы дәлелденсе, заң бойынша олар белгіленген мерзімді баласы 3 жасқа толғаннан кейін өтеуге құқы бар. Балаға қамқоршы рәсімдеуіне болады. Егер жоқ болса, сәбилерді  Алматыдағы  арнайы балалар үйіне алып кетеді. Аналары мерзімінен өтеп шыққанша сол жерде болады».

Абақтыдағы әйелдер мұны ойламауға тырысады. Өздерінің айыпсыз екеніне және де балаларын тордың арғы жағында емес, бостандықта тәрбиелейтіне сенеді.

Шынар Оразова