«Кардиохирургтардың айлығы 5 млн. теңге болуы керек». Осылай деген қаладағы жүрек орталығының маманы қазіргі жалақының мардымсыз екенін айтады.
Еске салайық, кардиохирургтардың айлығы туралы мәселе сенатта да көтерілген. Депутат Нұртөре Жүсіп жүрек дәрігерлерінің айлығы шайлығына жетпейтінін, маман тапшы екенін ашына айтқан.
Қазақстанда кардиохирургтардың айлығы әлдеқайда аз. Қаладағы жүрек орталығының дәрігері шетелдік әріптестерінің жұмысы жоғары бағаланатынын мысалға алды. Ермағамбет Қуатбаевтің сөзінше, шетелдік кардиохирургтар еңбегінің құны 10 есе қымбат. Ал жауапкершілік те соған тең екен. Оның сөзінше, жүрек емшілерінің еңбегі 5 млн теңгеден жоғары бағалануы керек.
Ермағамбет ҚУАТБАЕВ, Шымкент қаласы жүрек орталығының басқарма төрағасы: «Кардиохирургтардың айлығы ең кем дегенде 5 млн-нан жоғары болу керек. Неге десеңіздер ол ашық жүрекке операция істейді. Ол өте үлкен жауапкершілік. Кардиохирургты дайындау үшін кем дегенде 10 жыл уақыт кетеді».
Осы мәселе Жоғары палата – Сенатта да қозғалды. Сенатор Нұртөре Жүсіп қазақстандық жүрек мамандарының айлығы аз екенін, көбі жұмысынан бас тартатынын айтқан.
Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Паралменті Сенатының депутаты: «Неондерталды хирургияда жұмыс істейтін мамандардың жұмысы өте ауыр. Операция жасау барысында хирургтар көп жағдайда өз беттерінше шұғыл шешім қабылдайды. Ал, бұл үлкен жауапкершілік. Жалақысы төмен, жауапкершілігі жоғары болған соң жас кардиохирургтар бұл мамандық бойынша тұрақтап жұмыс істемейді».
Шымкенттің бас дәрігері сенатор сөзімен келіспейді. Айтуынша, кардиохирургтар басқа әріптестерінен гөрі жоғары айлық алады.
Бақытжан ПОЗИЛОВ, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Қазіргі таңда олардың алатын ақысы өте жоғары. Себебі бұл кардиохирургия. Медицина саласындағы ең бір күрделі мамандардың бірі. Себебі жүрекке операция жасайды. Олардың айлықтары өте жақсы».
Айта кетейік, қаладағы жүрек орталығында 6 кардиохируг жұмыс істейді екен.
Назерке Үкібасова