Қазақстанға 3 жыл ішінде 14 млн. шетелдік келген. Оның 224 мыңы әкімшілік жауапқа тартылса, 4200-і қылмыс жасаған. Осылай деген Сенат депутаттары елімізге заңсыз кіретін иммигранттарға жазаны күшейту керек дейді. Себебі 2018 жылдан бері 25 900 шетелдікке Қазақстаннан шығу туралы ескерту жасалған. Алайда талапқа 2000-ы ғана бағыныпты.
Сәуле АЙТБАЕВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Екі кодекске және 4 бейінді заңға нақты түзетулер енгізіледі. Оның мақсаты адам құқықтарын қорғау саласындағы заңнамаға Конституцияда негізделген нормалармен Қазақстан Республикасы ратификацияланған халықаралық шарттарды басшылыққа алу».
Бұдан бөлек, сенаторлар бала құқығын қорғау жайлы заң жобасын да қарады. Және бұдан былай педофилдерге жеңілдіктің болмайтынын жеткізді. Бұған дейін қоныс колониясына да жіберілетін азғындар енді тек қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеге жөнелтілмек.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: «Педофилдерге қатысты қылмыстық жаза кешенді түрде күшейтіледі. Қылмыстың ауырлығына байланысты оларды бас бостандығынан айыру мерзімі ұлғайтылады. Мерзімнен бұрын босату, жазаны қысқарту немесе оны жеңіл түрмен ауыстыру шаралары шектеледі».
Депутаттарды елдегі тамақ өнімдері де алаңдатып отыр. Халық қалаулысы Ақылбек Күрішбаевтың сөзінше республикадағы зертхана орталықтары өз дәрежесінде жұмыс істемейді. Кесірінен ГМО-ға толы азық-түліктер өндірілуде. Ал, біздегі бұл өнімнен ресейліктер бас тартыпты.
Айта кетейік, Сенаттың бұл отырысында 10-ға жуық заң жобасы қаралды. Оның ішінде қаржы, азық-түлік, мемлекеттік қызметкерлерге қатысты қаулылар да бар.
Назерке Үкібасова