Қазақстандағы кедейлер қатары 21 пайызға көбейген. Осылай деп дабыл қаққан халық қалаулылары ауылдағы ағайынның жағдайына алаңдаулы. Сөздерінше күнкөрісі қиындаған елдің басым бөлігі шалғайда тұрады. Мәжілісмендердің айтуынша, қалтасы жұқарған қазақстандықтар қатары 1 млн 65 мыңға жеткен.
Ерлан САИРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Қазақстанда күнкөріс деңгейі төмен азаматтар саны 1 млн 65 мың адамнан асқандығын көрсетеді. Өткен жылмен салыстырғанда кедейлік деңгейі 21 пайызға өсіп отыр. Халық кедейлігі ұлттық қауіпсіздікке тілекей кері әсер ететін басты проблема. Аса өзекті мәселе ауылдағы кедейлік».
Қаладағы кедейлердің де жағдайы оңып тұрған жоқ. Бұл туралы депутат Әлия Әбсеметова айтты. Мәжілісмен сөзінше шаһарда атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу оңай емес. 21 мың теңге алу үшін әркімнің үйіне тіркеуге тұруға тура келеді деген депутат талаптың теріс жақтарын тізбектеп берді.
Әлия ӘБСЕМЕТОВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Мысалы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін бір жерде тіркеуде 6 ай тұру керек. Әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар негізінен жағдайы төмен отбасы мүшелері екені белгілі. Олардың көбісінің басында үйі жоқ. Сәйкесінше белгілі бір жерде ұзақ мерзімде тұруға мүмкіндігі де жоқ. Үйі жоқ болғандықтан таныстарына, туыстарына тіпті бөтен адамдарға жүгініп ай сайын ақша төлеп тіркелуге мәжбүр болады».
Қала берді Қазақстанда мал ұрлығы да тыйылмай тұр. Осылай деген төменгі палата өкілдері барымташылар арасында әйелдердің де артып бара жатқанын айтады. Мәселен өткен жылы 2849 күдікті мал ұрлаумен ұсталса, оның 592-сі нәзік жанды екен.
Ғазиз ҚҰЛАХМЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Облыстық ПД болса аймақтағы мал ұрлығы 2019 жылға қарағанда 12 пайызға азайды. 114 күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғадық. 400 бас ірілі ұсақты малдарды иелеріне қайтардық деп отыр. Дегенмен ауыл жұрты болса, ІІМ дерегіне сүйенсек соңғы 5 жылда мал ұрлаған 11 мың қылмыскер ұсталған. Оның 1500-і ұйымдасқан топ құрамында болған».
Айта кетейік, мәжілістің бұл отырысында сот жүйесі мен судьялар мәртебесі де талқыланды. Төменгі палата өкілдері жаңа заң жобасы арқылы сот әкімшілігі мен облыстық сотты өзгертпек. Және сот алқаларын құрмақ. Осылай деген депутаттар ұсынысына мәжіліс спикері де қосылды. Нұрлан Нығматуллин заң жобасын 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізуді талап етті.
Назерке Үкібасова