“Мұқағали» монодрамасы сахналанды

177

Шымкентте “Мұқағали” монодрамасы сахналанды. Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында ақиқық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай премьера қойылды. Қойылымның ерекшелігі камералық форматта өтуінде болды.

Бұл Мұқағалидің рөлін сомдаған – Бауыржан Сегізбаев. Мұзбалақ ақынның бейнесін сахналау ол үшін қиынға соғыпты. Өйткені 33 жастағы актер сахнада жалғыз өзі ғана өнер көрсетті. Әртіске ұзақ уақыт демалысынан кейін сахнаға Мұқағалидің бейнесін алып шығу бұйырған.

Бауыржан Сегізбаев, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі:
“Өте ауыр болды. Өйткені ол кісінің жан-дүниесін осы мамыражай заманда өмір сүріп жатқан біздерге оның көңіл-күйіне кіру өтер ауыр. Оның үстіне дайындыққа да аса көп уақыт болған жоқ. Шамамен бір 10-15 күннің ішінде толық шығардық. Енді режиссердің көмегімен өзіміздің еңбек бар. Енді бағасын халық бере жатар. Мен жалпы бір жылдай сахнаға шықпай,  осы 15 күннің ішінде бірден шығып кеттім. Белгілі себептер болды. Бірақ оның алдында 3 жыл осы театрда қызмет жасағанмын”.

Монодрама премьерасының камералық форматта өтуі режиссердің идеясы екен. Өйткені, арпалыс-қиын заманды басынан өткерген ақынды болашақ ұрпақ жақыннан тануы тиіс. «Оның ішкі әлеміне үңіліп, жан дүниесін түсінуі қажет», -дейді. Режиссер бас кейіпкерді таңдауда да осы критерийді басты назарға алыпты.

Қуандық Қасымов, қоюшы режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты: «Мұқаңның ойыменен оның бүкіл философиясы өмірге деген көзқарасы халықтың құлағына жетуі керек. Сондықтан мына шешімді де солай шештік. Өйткені қасында отырып тыңдаған адам құлағына сіңіріп кетеді. Жалғыз актердың бойындағы қасиетінде, талантында, жүрегінде. Анасының ақ сүтімен келген таланты бар ғой. Енді осы Мұқаңның сезіміне жақын адам таңдалды. Егер де болашақта бұл театрдың бет әлпеті қалай болады десе осы Бауыржан сияқты актерлар арқылы қалыптасу керек».

Бауыржанның сахнадағы өнері халықтың да көңілінен шығыпты. Монодраманың шынайы болғандығы сонша Мұқағалидің өзін көз алдыма елестеттім дейді көрермен Гүлнәр Өмірбек.

Гүлнар ӨМІРБЕК, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бауыржан Сегізбаев ініміздің өнері, мына әлі де ішінде ішкі потенциалы көп екені көрініп тұр. Ішкі потенциалдың мол екеніне, оның өнеріне таң қалдым. Мұқағалидың даусындай бір күркіреп тұрып өлең оқығаны монологтың бәрін аша алды деп есептеймін».

Айта кетейік, бұл рөлді осыдан 30 жыл бұрын қоюшы режиссер Қуандық Қасымовтың өзі сомдаған екен. Ол кездегі актердың жасы да 33-те болған. Араға уақыт салып сахналанып отырған монодрама алдағы уақытта да көрерменге ұсынылады дейді театр қызметкерлері.

Мөлдір Ибадуллаева