Полицияға қатысты таралып жатқан бейнежазба өңделген болып шықты

129

 

Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қарагөзова әлеуметтік желіде хабарлады.

«Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлерімен күнделікті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында қолданушылардың бірінің «Instagram» парақшасында полицияға қатысты жарияланған бейнежазбасы анықталды. Онда көліктегі жас жігіттер полиция қызметкерлерінің қызметтік көлігінің артынан жүріп отырып, дабылды бірнеше рет қосқаны естіледі.

Аталған бейнежазба бойынша тиісті тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде желі қолданушылары арасында челлендж секілді таралып жатқан бейнежазба және ондағы полиция дабылының даусы өңдеу арқылы қойылғаны анықталды.

Сондықтан тұрғындарға түсіндіреміз, бейнежазбадағы дабылдың дыбысы шынайы емес. Кез келген дәйексіз ақпарға сүйеніп, көрнекі немесе жалған мәлімет таратпаңыздар. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалған мәлімет таратқан азаматқа қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», делінген жазбада.