Президент пара алу үстінде ұсталған судьяға қатысты пікір білдірді

85
фото inform.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп санайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тек соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылған. Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызды.

«Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды. Жоғары сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ, аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясы ұсталды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Аталған жағдай қоғамды теңселтіп кетті. Жоғары сот кеңесінің және Жоғарғы соттың басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек деп ойлаймын. Осы кезең ішінде Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметтерінен босатылған. Жалпы судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қызметкері заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстем құруына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам құра аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Біз бұған дейін Жоғарғы соттың судьясы ірі көлемде пара алып жатқанда ұсталғанын жазған болатынбыз.