Бұл балықтың бәрі аққан ыстық су кесірінен қырылды. Осылай деген қала тұрғыны Марат Сайдазов бейнежазбаның Қошқар ата өзенінде түсірілгенін айтады.
Балық аулаудың хас шебері өмірінде мұнша балықтың бытырай өлгенін көрмепті. Және өз үйнің жанындағы ағында балықтың осынша түрі болғанын да білмедім деп аң-таң.
Марат САЙДАЗОВ, Шымкент қаласының тұрғыны: «Өлген балықтардың ішінен бұрын соңды көрмеген, тіпті «Қызыл кітапқа» енгендерін кездестірдік. Өзен бетіне шамамен 60 келідей балық шықты. Кішкентай балалар қызықтап ойнап, қазір бірі де қалмады. Мұның бәріне жылу құбырының жарылуы себеп. Содан аққан су Қошқар атаға құйылды. Енді міне кесірінен балықтар өліп жатыр».
Ал, жылу орталығының мамандары бәрін жоққа шығарды. Сөздерінше құбырдағы жарылыс өткен аптаның кешінде болған. 13 ақпан күні орын алған құбыр жарылысынан кейін су өзенге емес, арыққа кеткен. Ыстық судың Қошқар атаға кетпегеніне сенімді мамандар су температурасының жоғары болмағанын айтады.
Нұрбек ОРЫНБАЕВ, «Қуатжылу орталығының» бас инженері: «Су өзенге аққан жоқ. Арыққа кеткен. Қошқар ата өзенінде мұндай балықтың болуы мүмкін емес. Құбыр бұған дейін жарылмаған болатын. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр».
Сөйтсек, өлген балықтар Қошқар ата емес, осы маңдағы үйде өсірілген екен. Үй иесі Ахматали Ташходжаевтың айтуынша, ол бұл балықтарды 15 жылдан бері бағып келген. Сөзінше балық түрлерін балық аулауға шыққан сайын су қоймасына жинап отырған. Осылай деген қала тұрғыны балықтың ыстық судан өлгенін айтады.
Ахматали ТАШХОДЖАЕВ, Шымкент қаласыны тұрғыны: «Таңғы 4-5-те үй суып кетіп ояндым. Қарасам жылу жоқ екен. Сыртқа шығып қарасам бар балық қуырылып кеткен. Бәрін жинай бастадым. Бір қарасам сасып жатыр. Сөйтіп бәрін Қошқар атаға тастап жібердім».
Енді бұл іске қала экологтары араласты. Өлген балықтардың кімге тиесілі екені зерттеу жұмыстарынан кейін белгілі болмақ.
Назерке Үкібасова