Құмарпаздарды ойынға тартқандар қомақты айыппұл төлейді

248

Шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге тыйым салынбақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында осылай айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек».

Отырыста құмар ойын жетегінде кеткендердің жайы да талқыланды. Мемлекет басшысы жастардың көбі құмар ойынға әуестеніп бара жатқанын айтады. «Оның кесерін тек өзі емес бүтін бір отбасы көріп отыр» дейді президент. Енді осы бағытта да заң әзірленбек екен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Балаларды және кәнігі құмарпаздарды ойынға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуға тиіс. Қажет болса, оларды лицензиясынан айырамыз. Қазір осындай заңсыз қызметі үшін жеке тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ғана айыппұл салынады».

Қасым-Жомар Кемелұлы мүмкіндігі шектеулі азаматтар мәселесіне де назар аударды. Мұқтаж жандар әлеуметтік көмектің пайдасын көре алмай жүр екен. Президент олардың мәртебесін дәлелдеу үшін талай табалдырықты тоздыруына тоқтам салуды тапсырды.

Назерке Үкібасова