«Шымкент BUS» компаниясы жүргізушілерінің жалақысы 200 мың теңгеге көтерілмек

191

«Шымкент BUS» компаниясының 300-ге жуық жүргізушісі мен кондукторлары жұмысқа шығудан бас тартты. Олардың басты талабы — жалақы көлемін көтеру.

Наразылық білдіргендермен қала әкімі кездесіп, мәселені шешуге уәде берді. Екі тарап арасында жүргізілген келісімнің нәтижесінде жүргізушілердің жалақысы — 200 мың теңгеге, ал кондукторлардың айлығы — 100 мың теңгеге көтерілетін болды.

«Шымкент BUS» компаниясының алдында жиналған 300-ге жуық көлік жүргізушісі мен кондукторлар жұмысқа шығудан бас тартып, жалақымыз көтерілсін деп талап қойды. Айтуларынша олар бұл мәселені былтырдан бері басшылыққа көтерумен келеді екен. Себебі алатын жалақылары еңбекті ақтамайды. «Алайда басшылық тараптан еш жауап болмады»,- дейді олар. Мәселені жауаптыларға жеткізу үшін осылайша наразылық білдіруге жиналыпты.

Мақсат Аманқұлов, №152 бағыттағы автобус жүргізушісі: «Адам деп қабылдамайды  компанияның басшысы. Барлық ақшаны тапсырамыз. Мен Қазығұрттан келіп жұмыс істеймін, күнде  таксиге 5 мың теңге кетеді. Орташа айлық 150 мың теңгенің шамасында, оның 40-50 мың теңгесі қолымызға тисе жақсы. Көп ұстайды».

«Жүргізушілердің жанайқайы орынды»,- дейді осында жиналғандар. Кондуктор Айгүл Сәлімбаева «компания басшылығының талаптары жоғары, айыппұл 5 АЕК басталады, бірақ жүргізушілерге жағдай жасамайды. Жоспарды орындау 27 мың теңге, оны қайдан аламыз? Жұрттан билетті есептемейді. Тағы ақша береміз. Ол валидациядан тек. Жол апаттарының басым бөлігі осы жоспардың кесірінен орын алады. Бәрі жоспарды орындаймыз деп жын қуғандай айдайды. Бір бірімен жарысып. Бәрі де жоспарды орындау үшін…»,- дейді.

Шымкент әкімдігі жүргізушілер 300 мың теңге көлемінде еңбекақы берілуін талап етті деп отыр. Наразылық білдіргендерді сабырға шақыруға қала әкімінің өзі келді. Жүргізушілер мәселесін тыңдаған шаһар басшысы мәселені шешуге ықпал жасаймыз деп уәде берді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Сіздердің «Шымкент BUS» компаниясымен келісімге келе  алмай жатқандарыңызға қала тұрғындары кінәлі емес қой.  Жұмысқа шығыңыздар. Қоғамдық көлікті барлығы күтіп жатыр. Олардың  арасында біреудің анасы ауруханаға жетуі керек…  Уәде беремін. Кешке отырып ақылдасып, шешеміз».

Биліктің уәдесіне сенбегендер орындарынан қозғалмай мәселенің түпкілікті шешілуін күтуге бекінді. Ал жүргізушілердің көпшілігі автобустарын тізгіндеп бағытқа бет алды.

Төрехан РҮСТЕМОВ, №133 бағыттағы автобус жүргізушісі: «Таңғы 00: 06- дан бері тұрмыз. Қазір енді бағытқа шығайын деп жатырмыз. Уәде берді «айлығымызды көтереміз, жанар-жағармайды да шешеміз, реттейміз» деп жатыр. Бізге де қиын түнгі 24:00-ге дейін заправкада боламыз, таңғы 00:04-тен жұмысқа шығамыз. Біздің де бала-шағамыз бар…».

Наразылық шарасынан кейін көп ұзамай, басшылық пен көлік жүргізушілері екі жақты келісімге келді. Белгілі болғаны, компания басшылығы жүргізушілердің жалақысын 200 000 теңгеге, ал кондуторлардың айлығын 100 000 теңгеге жеткізетінін айтып, уәде етті. Бұл шешіммен жүргізушілердің 90 пайызы келісті. Ал келіспегендері жұмыстан кететін болды.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының берген мәліметі бойынша Шымкентте жаңа жылдан бастап 19 көлік компаниясының 980–ге жуық қоғамдық көліктері 68 бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдауда.

Шынар Оразова