Шымкент: КВИ-ға қарсы вакцинациялаудың екінші кезеңі 22 — ақпанда басталады

150
Фото – Ернар Мамыр

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтың қатысуымен брифинг өтті. Баспасөз мәжілісінде басқарма басшысы қаладағы эпидемиологиялық ахуал мен вакцинациялау жұмыстары бойынша баяндады.

– Шымкент қаласында коронавирусқа қарсы 1000 доза «Sputnik V» препаратының бірінші компонентін салу толық аяқталды. Аталған екпені ерікті түрде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары, жедел жәрдем көрсету мекемелері, инфекциялық аурухана және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері қабылдады. Ал бұл медицина мамандарына екінші компонентін егу 22 ақпанда басталады, – деді Б.Позилов.

Спикердің сөзінше, екінші кезеңде вакцина педагогтарға салынады. Бұл қызметкерлерге отандық «Qazcovid-In» вакцинасы егіледі деп жоспарланып отыр. Осы орайда Бақытжан Жолдасбекұлы қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін жеткізді.

Айта кетейік, вакцинациялау екі компонент бойынша жүргізіледі. Яғни екпе салдырған уақыттан 21 күн өткен соң, екінші компонент егіледі.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы