Ағымдағы жылы Шымкент қаласында «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында 6052 орындық 12 мектеп пайдалануға беріліп, 1 мектеп 2 балабақша күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, «Шымкент-сити» және «Тұран» шағын аудандарында 39 үйдің құрылысы аяқталып, 3136 пәтер халық игілігіне беріледі.

Бұл тұралы Шымкент қаласының әкімі, «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әйтенов Мұрат Дүйсенбекұлының төрағалығымен өткен партияның кезектен тыс XLI конференциясында қала әкімінің орынбасары Айбек Берікұлы Сәттібаев баяндады. Партия конференциясына «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, аумақтық филиалдарының төрағалары және бірінші орынбасарлары, Шымкент қалалық басқарма басшылары, мәслихат хатшысы, мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі, депутаттар, «Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы аудандық филиалдардан сайланған делегаттар және БАҚ өкілдері қатысты. Конференция барысында қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасы аясында жасалынған «Жол картасы» бағдарламасын іске асыру бойынша алдағы 5 жыл көлемінде жүргізілетін жұмыстар туралы айтты.

«Жол картасы» бағдарламасында 5 жылға 22 негізгі көрсеткіштер қарастырылған, оның ішінде тұрғын үй саласында 3 млн.ш.м.астам тұрғын үй құрылысын жүргізу, білім саласында үш аусымды мектептердің мәселесін толық шешу, туризм саласында туристер санын 1 млн.адамға жеткізу, инженерлік инфрақұрылым саласында тұрғындарды сумен, газбен, сапалы электр жарықпен толық қамту, қанағаттанарлық жолдардың үлесін 60 пайыздан 79 пайызға дейін жеткізу, экономиканың барлық салаларында 80 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашу көзделді.

Сондай-ақ, «Білім және ғылым» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Сәкен Мәжінбеков және «Ай Нұры» бастауыш партия ұйымының төрайымы, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Төрайым Сұлтанова сөз сөйлеп, «Жол картасы» бағдарламасын іске асыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Конференция барысында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының Саяси Кеңесі және Саяси Кеңес Бюросының құрамына өзгерістер енгізілді. Конференция жұмысын қала әкімі, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Әйтенов қорытындылап, партия активіне нақты тапсырмалар жүктеді.