Шымкенттегі мемлекеттік архив 1928 жылғы мал-мүлік тәркіленген құжаттарды жариялады

373

ХХ ғасырдың бірінші жартысы қазақ тарихында орны толмас қайғы-қасіретті оқиғалармен сабақтасып жатыр. Сондай тағдыркешті оқиғалардың бірі – 1921-1922 жылдардағы алғашқы ашаршылық пен 1928-1929 жылдар аралығындағы байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аудартып жіберу процестері еді.

Алғашқы ашаршылыққа 100 жыл толуына орай, өңіріміздегі мемлекеттік архив
1928 жылғы Сырдария округіндегі тұрғындардың мал-мүлкін кәмпескелеу науқаны кезінде Қызылқұм ауданының 9-шы ауыл азаматтарының төте-араб тілінде жазылған құжаттарының түп нұсқасы мен аудармасын жариялады.

Бұл жазбаларды Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің ғылыми қызметкерлері Ғ.Қасымханұлы мен Ү.Арыстанов кириллицаға түсірген.
Осы жылдың 5 қаңтарында жарияланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында сол кездегі ашаршылық жайында айтып өткен болатын.

«Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді- деп атап өткен болатын.