Бүгін Түркістан қаласы тұрғындарының қатысуымен жалпықалалық тазалық науқаны басталды.

Шаhар тұрғындары қала тазалығы үшін бей-жай қарамады. Өз аумақтарын қоқыстан тазартып қана қоймай, ағаш егу жұмыстарын да бірлігін танытып атқарды. Сондай-ақ, Түркістан қаласы әкімдігінің 12 дербес бөлімі мен «Түркістан-Су», «Түркістан Жылу», «Оңтүстік Жарық Транзит» және басқа мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерінен бөлек, 16 облыстық департамент және 17 басқарма қызметкерлері мен қала тұрғындары да шараға атсалысты. Одан өзге, кәсіпкерлер мен еріктілер де ниеттерін білдіріп, қала тазалығы үшін немқұрайлы қарамайтынын танытты. Ақпараттық қолдау көрсетуге келген БАҚ өкілдері де игі істен шет қалмады.

Тазалық науқаны аясында қалалық саябаққа (дендросаябақ) бүгін 124 қарағай егіледі. Сонымен қатар, Тікұшақ алаңы, Майлин сквері, Жандосов, Ерубаева көшелерінде шынар, терек, қарағаш сынды 1456 ағаш егілуі жоспарланған. Одан өзге, көше бойлары мен арықшалардағы қоқыстар да тазартылуда.

Жалпы, тазалық науқаны үшін «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» тарапынан қала картасы дайындалды. Дүйсенбі атқарылған шара бойынша арнайы мәжіліс өтіп, шет қалған аумақтар бойынша алдағы уақытта кезегімен жұмыстар жалғасатын болады. Жалпы, бүгінгі тазалық науқанында 40-қа жуық техника жұмылдырылды. #TurkistanTazaQala бастамасы аясында іске асқан шара әр сенбі жалғасады.