Түркістан облысындағы білім саласында атқарылған жұмыстар ауқымды

183

Түркістан облысында 3-6 жастағы 100 мыңнан астам бала болса, олардың барлығы балабақшамен қамтылған.

Облыста 1,5 мыңдай мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді және олардың басым бөлігі жекеменшік. Түркістан облысы әкімдігінің аппарат отырысында мектепке дейінгі ұйымдарда балаларға қолайлы жағдай туғызу туралы облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев баяндады.

2020 жыл, ақпан

Облыста мектепке дейінгі ұйымдарды толығымен таза ауыз сумен, ыстық сумен және ішкі әжетханалармен (кәріз жүйесімен) қамту жұмыстары жүзеге асуда. Бұл жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауында.
Өткен жылы салына бастаған 63 білім беру нысандарының құрылысы биыл аяқталмақ. Облыс әкімі мемлекеттік – жекеменшік серіктестік аясында салынатын білім ұяларының санын арттыруды тапсырды. Білім ұяларының иелері сапалы білім беруді мақсат етіп, ең білікті ұстаздарды жұмысқа тартуға міндетті.

Сондай-ақ, өңірде кешенді жоспар әзірленіп, оқу сапасын арттыру үшін білім ұяларындағы материалдық-техникалық базасы мен педагог кадрлардың біліктілігін арттыру қолға алынды. Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасалып, облыстағы 900 мектептің арнайы пән кабинеттерімен жабдықталуы көзделуде. Мектеп кітапханаларындағы көркем әдебиет қоры толықтырылмақ.

Білім және ғылым министрлігімен бірге облыс педагогтары оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендері мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеуде белсенділік танытып келеді. Түркістан облысының педагогтары 300-ге жуық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің авторлары.

Педагогтардан құралған авторлық ұжым әзірлеген «Өлкетану» оқулығы республикада ең үздік оқулық болып танылған. Оқулық екі тілде шығарылып, қазіргі таңда, облыс мектептерінде пайдалануда. Осы тәжірибе өзге өңірлерге тәжірибе ретінде таратылды.

Шынар Оразова