Жазасын өтеушілер енді өтініштерін электронды форматта жолдай алады. Бүгіннің өзінде Төлеби ауданында орналасқан ИЧ-167/9 мекемесінде арнайы терминалдар орнатылды.
Кез-кезген жазасын өтеуші азамат осы құрылғы арқылы арыздарын тиісті органға жібере алады. Мекеме әкімшілігі бұл жаңашылдық қағаз бастылықтан арылтады дейді.
Өткен жылы жазасын өтеушілер 508 жазбаша өтініш жолдаған екен. Ал, терминал орнатылғалы бері электронды форматта 4 өтініш тиісті мекемелерге жолданыпты.
Абақтыдағылар енді өтініш-шағымдарын онлайн түрде жолдай алады. Төлеби ауданындағы ИЧ-167/9 түзету мекемесінде жазасын өтеушілерге сервистік қызмет көрсететін терминалдар қойылды. Құрылғыда сотталушылардың жеке сәйкестендіру нөмері және саусақ таңбаларының базасы орнатылған. Арызы жолдағаннан кейін арнайы талон беріледі. Бұл оның кезек санын көрсетеді екен.
Мұхан БАЙГЕНОВ, жазасын өтеуші: «Бұған дейін біздің жазған арыздарымыз пошта арқылы тиісті органдарға жіберіліп отырған. Енді біз прокуратураға және тиісті мемлекеттік органдарға мемкеме әкімшілігіне жүгінбей өзіміз терминалмен жаза береміз. Бұл жаңашылдық бізге тиімді әрі өте ыңғайлы екен».
Сервистік терминалдар мекеме әкімшілігі ғимаратында орнатылған. Мұнда жазасын өтеушілер түрме қызметкерлерінің күзетімен келеді. Ал, ары қарайғы процеске қызметкердің араласуға құқығы жоқ. Мекеме басшылығының айтуынша, бұл сотталғандардың құқықтық және ұстау жағдайын жақсартуға, цифрландыруға, жүйенің ашықтығына бағытталған. Және ең бастысы қағаз бастылықтан арылтады.
Қахроман АБУБАКИРОВ, ИЧ-167/9 түзету мекемесі басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Сотталғандардың осы мекемеде орнатылған терминал арқылы жолдаған арыздарына мекеме әкімішілігі араласа алмайды. Терминалмен әр сотталған өз саусақ ізі мен жеке бас деректерін растап, арыздарын құзырлы органдарға жолдай алады. Бүгінгі таңда барлық сотталғандарға терминалды пайдалану бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген».
ИЧ-167/9 түзету мекемесінде 400-ден астам азамат жазасын өтеп отыр. Өткен жылы мұндағы жазасын өтеушілер тиісті органдарға 508 жазбаша өтініш жолдаған. Терминал орнатылғалы бері 4 өтініш жолданып үлгеріпті.
Олжас Айдарбек