Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше , осы жылдың қаңтар және ақпан айында Жібек жолы кеден бекетінде шекарадан есірткі заттарын алып өтпекші болған төрт оқиға тіркелді.
Осы жылдың 25 қаңтарында тіркелген оқиға бойынша «Жібек жолы» кеден бекетінде департамент қызметкерлері ҚР ҰҚҚ өкілдерімен бірлесе тексеру барысында 1977 жылы туылған Өзбекстан азаматын ұстады. Қызметтік иттердің көмегімен оның аяқ шұлықтарының ішінен айырықша иісі бар өсімдік күдікті зат ретінде табылды. Ал 8 ақпан күні дәл осы кеден бекетінде Өзбекстан Республикасына өту бағытындағы жолаушылар терминалында тексеру кезінде қызметтік иттің көмегімен 1960 жылы туылған көрші елдің азаматы ұсталды.Оның сырт киімінің қалтасынан полиэтилен пакетіне оралған жасыл түсті иісі бар зат табылған.
Сондай ақ 11 ақпан күні «Жібек жолы» кеден бекетінде тағы осындай жағдай орын алған. Департамент пен ҚР ҰҚК қызметкерлерімен бірлесе жүргізген тексеру нәтижесінде 1981 жылы туылған Қазақстан Республикасы Маңғыстау облысының тұрғынынан қағазға скотчпен оралған күдікті зат табылды.
Осы күні тағы да есірткі тасымалдаушыға қатысты оқиға тіркелді. Тәжікстан Республикасының азаматы іш киіміне жасырынған есірткі затын шекарадан алып өтпекші болған жерінен ұсталды. Полиэтилен пакеттің ішінде ақ қағазға оралған жасыл түсті иісті зат болған.
Осы төрт факті бойынша жүргізілген сот сараптама жұмыстарының нәтижесінде бұл заттардың бәрі кептірілген марихуана, гашиш секілді есірткі заттар екені анықталды. Қазіргі таңда жоғарыда аталған оқиғалар бойынша қылмыстық іс қозғалды.