Бір жылда 2 мың адам жол апатынан қайтыс болған

194

Бір жыл ішінде 2000-ға жуық қазақстандық жол апатынан қайтыс болған. Осылай деп дабыл қаққан мәжілісмендер бұған жол құрылысының сапасыздығы мен азаматтардың салғырттығы себеп дейді. Айта кетейік, Қазақстан жол сапасы бойынша 141 елдің ішінде 93-ші орында.

12 ай ішінде 2000-ға жуық қазақстандық жол апатынан ажал құшқан. Өкінішке қарай, оның 184-і кәмелет жасына жетпеген жасаөпірім. Осылай деп дабыл қаққан Мәжіліс депутаты бұған шара қолданбаса, сұрықсыз статистиканың арта беретінін айтады. Айта кетейік, қайғылы оқиғалардың 74 пайызы елдімекендерде орын алған екен. Сергей Решедниковтің сөзінше, Қазақстандағы жол апаттарына себеп те жетерлік.

Сергей РЕШЕДНИКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын апаттардың себебі — жол қозғалысы ережелерін сақтамауында. Тұрғындардың смартфондар мен құлаққаптарға қызығушылығы. Қауіпсіздікке әсер ететін тағы фактордың бірі — жолдың жағдайы. Жол инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді шараларды қабылдау апаттардың, жарақат алу мен қаза болудың пайызын азайтуға мүмкіндік береді».

Бұдан бөлек, Мәжілістің бұл отырысында Қырғызстанмен қарым-қатынас мәселесі қаралды. Жауаптылардың айтуынша, өткен жылы Қазақстанға 281 мың айыр қалпақты ағайын келіп кеткен. Ал, бауырлас елге 175 мың отандасымыз ат басын бұрыпты. Осылай деген жауаптылар былтыр елімізде 8000 қырғызстандықтың жұмыс істегенін айтады. Ал, қазақстандықтардың 1200-і Қырғызстанда нәпақа тапқан екен.

Ахмади САРБАСОВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі: «Қазіргі кезде Қырғызстан азаматтары Қазақстанда рұқсатсыз жұмыс істей алады. Бұл ЕЭО келісіміне сәйкес былтырғы жылы қарасақ Қырғызстан азаматтары Қазақстанда 8 мыңнан аса жұмыс істеді. Ал, Қырғызстанда Қазақстан азаматы 1200 адам жұмыс істеді».

Отырыста төменгі палатаның депутаттары Байқоңырдың жалға беру мерзімін ұзарту жайлы қаулыны да қабылдады. Еске салайық, зымыран аймағы осыдан 26 жыл бұрын Ресейге жалға берілген еді. Ал, 2018 жылы қазақстандық жер көрші елде тағы 2050 жылға дейін қалдырылған болатын.

Айгүл ҚҰСПАН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «1994 жылы 10 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Байқоңыр кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттама 2018 жылы 9 қарашада Петропавл қаласында жасалды. Хаттаманың мақсаты екі ел Үкіметі арасында жасалған шарттың 4-бабына РФ Байқоңыр кешенін жалға алу мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту бойынша өзгеріс енгізу болып табылады».

Қала берді халық қалаулылары бағалы металл, асыл тастар айналымын жасау жайлы қаулыны да талқылады. Айта кетейік, еліміз алтын қоры бойынша әлемде 16-орында тұр.

   Назерке Үкібасова