«Кітап жансыз, бірақ шынайы дос»

263

«Кітап жансыз, бірақ шынайы дос». Шымкенттегі № 52 мектеп-лицейінде осы тақырыппен семинар өтті. Басты мақсат – білім ордаларының бір-бірімен тәжірибе алмасуы.

Арнайы іріктеліп алынған 20 тірек мектептің қатарындағы бұл оқу орнында оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін қарқынды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгін сол тәжірибелерін өзге мектеп ұстаздарымен бөлісті.

«Оқуға құштар мектеп». Білім министрі жоғары деңгейде бағалаған бұл жоба Шымкент мектептерінің арасында семинар өткізумен жалғасып жатыр. Басты мақсат – кітапқа деген сүйінпеншілікті арттыра отырып, тәжірибе алмасу. Білім басқармасы бұған дейін қаладағы мектептер арасынан семинар өткізетін 20 тірек мектепті таңдап алған болатын.

Гүлім БАЙМҰСАЕВА, Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты әдістемелік орталығының кітапхана ісі бойынша әдіскері: «Оқуға құштар мектеп жобасының негізгі мақсаты – ата-аналардың, ұстаздардың және де жасөспірімдердің оқу мәдениетін, оқу сауаттылығын, кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында іске асырылу болып табылады. Қала бойынша қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тажиеваның бекіткен «Оқуға құштар» жобасы аясында жоспарымыз бар қалалық көлемде. Сол жоспардың аясында қала мектептерінің ішінде 20 мектепті тірек мектеп қылып алғанбыз. Сол тірек мектептерде 172 мектепті біз серіктес қылып 7-8 мектептен бөлдік».

№52 мектеп-лицейі де 20 тірек мектептің қатарында. Бүгін білім ұясында «Кітап жансыз, бірақ шынайы дос» атты семинар өтті. Бұл білім ордасындағылар серіктес мектептердің ұстаздарына жасаған жобаларын таныстырып, олардың артықшылықтарымен бөлісті. Аталған мектеп ұжымының ерекшелігі оқушыларды ғана оқытпай, мектеп ұстаздары мен ата-аналарды да кітап оқуға шақыруында екен.
Айнұр Жарылқасынқызы, №52 мектеп-лицей директоры:


«Биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына арнап мектеп әкімшілігі арасында бірінші кезекте ұйымдастырдым. «Мен оқыған 30 бет» деген жобаны ұйымдастырдық. Мектеп әкімшілігі бірінші кезекте кітаптың 30 бетін оқи отырып қызығушылығы артып біздің ұжымға үлгі бола алды және бұл жобаны ары қарай да жалғастыра алды. Сондай-ақ, ата-аналарымыздың арасында да. Балаларына үлгі көрсетуші ғой ата-ана деген. Сондықтан бұл жоба ата-аналардың арасында да ұйымдастырылды».

Айта кетейік, бүгін санитарлық талаптар ескеріле отырып өткен семинарды онлайн тамашалау мүмкіндігі де қарастырылды. Сондықтан талапқа байланысты қатыса алмаған 60 шақты ұстаз Зум платформасы арқылы, ал 200 шақтысы фейсбук желісінің тікелей эфирінде бақылады.

       Мөлдір Ибадуллаева