Көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды

377

Бірінші наурыздан бастап 18 жасқа толған азаматтар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарында медициналық комиссиядан және тестілеу мен әңгімелесуден өтуде. Осы жылдың көктемінде Шымкенттен 700-ге жуық ер-азамат шақырылады.

6 наурызда алғашқы 13 ер-азамат конституциялық міндетін орындау үшін әскерге аттанады. Қазір олар шақыру комиссиясының отырысынан өтіп жатыр. Онда шақыру комиссиясы мен медициналық комиссия төрағаларының қатысуымен кандидат қайта тексеріледі. Яғни үміткердің таңдау себебі мен психологиялық көзқарасы сараланады.
Шымкенттің жергілікті әскери басқару органдарының хабарлауынша, еліміздің үшінші мегаполисінің жастары әскери қызметкер болуға белсенді және аса қызығушылық танытуда. Соның есебінен жастар арасында бәсекелестік туындайды және әскерге тек іріктелген үздіктер ғана аттанатын болады.

Әскерге шақырылушылар мен лауазымды тұлғалар арасында коронавирустық инфекция таралмау үшін жинақ пункттерінде медициналық бекеттер орналастырылды. Медициналық комиссиялардың құрамына инфекционист дәрігерлер алынды.
Жастарға әскери бөлімдерге орналасудан алдын міндетті түрде ПТР-зерттеу әдісімен COVID-19-ға зертханалық зерттеу жүргізіледі. Бөлімге келгеннен кейін де екі апталық карантинге оқшауланады. Карантин кезінде медициналық тексеру мен әлеуметтік-психологиялық зерттеуден өтеді.

Кейінге қалдыруға құқығы бар әскерге шақырылушылар санатын кеңейту маңызды жаңалықтың бірі. Енді оған педагогтер мен құқық қорғау органдарының білім беру мекемелерінде оқып жатқан азаматтар да ілігіп отыр.