Шымкентте Хакім Абайдың ұлы Тұрағұлға қатысты құнды жәдігер табылды

200

1990 жылдары Тұрағұлдың қызы – Мәкен Тұрағұлқызы әкесінің аты өшпесін деп һәм мәңгі тарих болсын деп арнайы тастұғыр жасатқан екен. Бір ерекшілігі ол тастұғырда тек Тұрағұлдың ғана емес, өзге де Абай ұрпақтарының есімдері қашап жазылған, – деп хабарлайды Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің баспасөз қызметі.

Қош, бұл Тастұғырда:
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек, – деген ұлы Абайдың өлеңімен қоса: «Абай Құнанбаевтың Шымкент қаласында жерленген үрім-бұтағы»: орысша мәтінде: «Родственники Абая Кунанбаева похороненные в городе Шымкенте» деп, оған қоса төрт адамның есімі қай жылы, қай жерде жерленгендері қазақ-орыс тілдерінде қашап жазылған.

Олар: Тұрағұл Абайұлы – Әйгерімнен туған. 1934 ж. ХФЗ аймағы; келіндері: Дәмежан – Микайлдің әйелі. 1960 ж. Шұқырсай; Камалия – Әубәкірдің әйелі. 1962 ж. Қасқа зираты; немересі: Әубәкір – Ақылбайдың ұлы. 1933 ж. Көксай; Турагул Абайулы – сын Айгерим. 1934 г. Р-Н ХФЗ; жены сыновей: Дамежан – жена Микайла. 1960 г. Шукырсай; Камалия – жена Аубакира. 1962г. К-ше Каска; внук: Аубакир – сын Акылбая. 1933 г. Коксай.
Міне, тастұғырдағы мәтін осылай берілген. Тағы бір соны дерек бұл тастұғыр – осы күнге дейін ғалымдар айтып жүргендей “Турағұлдың сүйегі завод астында қалып қойды” деген пікірді түбегейлі теріске шығарады. Оған қоса бұл тастұғыр 1990 жылдардан бері «Химфарм» акционерлік қоғамының арнайы бөлімінде сақталып келген. Еліміз еңсе тіктеп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлар тұста компания басшылығы бұл құнды жәдігердің «Мұхтартану» ғылыми орталығына табыс етілуін жөн деп тауыпты.

Осы тастұғырды көздерінің қарашығындай сақтап, бүгінге дейін шық жудыртпай сақтап отырған «Химфарм» акционерлік қоғамының әкімшілік менеджері Бекен Жақыпбеков пен компания қызметкері Аян Тоқсанбаев есімді қазақтың нар тұлғалы жігіттеріне айтар алғысымыз шексіз. Тастұғыр күні кеше М. Әуезов атындағы ОҚУ-нің «Мұхтартану» ғылыми орталығының төрінен орын тапты, ағайын!