Шымкентте Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған мәдени іс-шараларға әзірге қазынадан бір тиын да жұмсалмапты. Осылай деген жауаптылар мемлекеттік тапсырысты жеңіп алғандарға қаржы сәуір айында аударылады деп отыр. Ал оған дейін әрбір өткен шара есебі нақтыланады. Бұл туралы мәдениет саласының мамандары бүгін арнайы баспасөз мәслихаты кезінде мәлімдеді.
Мәдениет саласына жауаптылар өткізген бұл баспасөз мәслихатында атқарылған жұмыстар мен келешекке түзілген жоспарлардан гөрі тілшілдерді жақында ғана тойланған әз Наурыз мейрамына жұмсалған қаражат мәселесі толғандырды. Бұл сауал бірқатар әлеуметтік желі қолданушыларын да ойландырғаны белгілі. Себебі биылғы Наурыз мерекесіне қазынадан 500 млн. Теңгеден астам қаржы жұмсалды деген ақпарат көптің ашуын тудырған болатын. Алайда, қалалық мәдениет басқармасының басшысы бұл қаржының нақты қандай мақсатқа бөлінгенін жіктеп берді.
Ханзада ЕСЕНОВА, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы «572 млн. теңге мәдениет шараларына жылдың соңына дейін қаралған қаражат. 213 млн. теңге жұмсалды. 103 іс шара 10 күнде өткізілді».
Әз Наурыз мерекелік бағдарламасына сай ұйымдастырылған Айтысқа бөлінген қаржы көлеміне қатысты сұраққа Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары жауап берді. Шенеуніктің айтуынша, наурыз айтыс — үлкен, республикалық деңгейдегі жоба.
Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары» 21 млн. 300 мың бүкіл Қақстаннан келген айтыскерлердің айтыс 2 күн бойы таңғы 11 ден кешке дейін телеарналардан ПТС арқылы келіп кетуі бар».
Ал бұл шараны өткізуге тапсырыс беруші мекеме болып табылатын «Шымкент мәдениет үйі» концерттік ұйымындағылар іс-шараны ұйымдастырған мекеме тексеруден өткен дейді.
Айта кететіндігі, Ұлыстың ұлы күніне арналған шаралар дүбірлі тойланғанымен, оған әзірге қазынадан бір тиын да аударылмапты. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары бұл сома жан-жақты тексеруден кейін ғана тапсырысты орындаушы шотына аударылады деп отыр.
Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Барлығы есеп береді. Бақылауда болады. Әрбір шара өткеннен кейін тексеру деген болады. Әр нәрсенің сұрауы бар».
Әлеуметтік желіде қызу талқыланған Наурыз мерекесіне қатысты сұрақтар аяқталысымен қалалық опера балет театры, ктіапханалар мен қала іргесіндегі мәдениет ошақтарының ғимараттары жөндеуден өтетіні туралыайтты. Олар кезең-кезеңмен ретке келтіріледі.
Шынар Оразова