Отырар ауданында күн электр стансасының құрылысы басталды

384

Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылының маңында қуаттылығы 50 МВт күн электр стансасының құрылысы бойынша жұмыстар басталды.

Салтанатты рәсімге Италиядан арнайы келген делегация мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев қатысты. Бұл күн электр стансасы – еліміздегі күн энергетикасы секторындағы «Eni» халықаралық трансұлттық мұнай-газ компаниясының алғашқы ірі инвестициясы. Инвестициялық жобаның жалпы құны 12 млрд.теңгені құрайды.

Мейіржан МЫРЗАЛИЕВ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Электр энергиясы көздерін қайта жаңғырту — облыс экономикасының басым бағыттарының бірі. Түркістан облысында 320 МВт электр қуатының жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан, облыстағы қажеттілікті қанағаттандыру үшін бүгінде, күн және су электр станцияларын салу бойынша 10 инвестициялық жобалар іске асырылған».

«Eni» халықаралық компаниясы жергілікті еншілес «Arm Wind» серіктестігі арқылы салып жатқан электр стансасы 100 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда 100 000 –нан астам фотоэлектрлі панельдер, қосалқы станция мен ұзындығы 8 шақырым болатын әуе электр беру желісі салынатын болады.

Шынар Оразова