Жол құрылысын сапасыз жүргізген мердігер компаниялар мен ол нысандарды қабылдап алған шенеуніктерге қатысты шара көріледі.
Мұндай шешім «НұрОтан» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясымен қабылданды. Айта кететін жайт, комиссияда қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының 2020 жылы атқарған жұмысы талқыланған болатын.
Инспектордың баяндамасынан: «Таскендегі №115 мектептің алдындағы жол су айдынына айналған».
Партиялық бақылау комиссиясы отырысқа тыңғылықты дайындалыпты. Күн тәртібіндегі жалғыз мәселе: «Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өткен жылы атқарған жұмыстары есебі». Оған қатысты комиссия мүшелері қала аумағындағы елдімекендерді аралап, жолдардың сапасын тексерген. Қорытындысы көңіл көншітпейді,-дейді олар.
Бағдат ЫСҚАҚОВ, партиялық бақылау жөніндегі инспекторы: «Ақтас көшесіндегі, Азат, Жаңа Тұрмыс, Жаңа талап елді мекеніндегі, ал мына көшеде жақында құрылыс жүргізген сапасы сын көтермейді».
Бұл бейнематериалдар жолдардың сапасына қатысты қаланың іргесінде тұратын қалалықтардың арыздары негізінде жасалған. Жолдың құрылысына қыруар қаржы бөлініп жатқанда оның сапасын қадағаламау қастандықпен тең дейді партиялықтар.
Нұркөз ЖАҢАБАЙ, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі: «Жолдың сапасына неге көңіл бөлмейсіздер? Қырғын ақша бөлінді. Игеру жағын кезеңімен бақылап тұру керек еді ғой».
Басқарма басшысы сын ескертпелермен толық келісетінін айтып, кемшілікті жоюға қабылданған шараларға тоқталды.
Ержан ЖОЛДАСОВ, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Ия, былтыр келісімшартпен жұмыс жүргізген мердігерлердің жұмысын тексеріп жатырмыз. Қадағалау жүргізген басқарма мамандарының жауапкершілігі де қаралады. Қазір мониторинг тобын құрдық, арнайы жасақталған топ қаладағы жол құрылысын тексеріп шығады. Мердігер компаниялар кепілдік мерзімде барлық кемшіліктерді ретке келтіреді. Мен сіздерге мамыр айында бұл мәселе бойынша қандай шешім қабылданғанын жеткіземін».
Басқарма басшысының мәлімдемесі қабыл алынды. Шаһардағы инфрақұрылымды дамыту бағытында биыл да ірі жобалар жүзеге аспақ. Есесіне, бюджеттен қыруар қаражат бөлінген. Нысандардың сапасына аса көңіл бөлу жөнінде басқарма басшысына тапсырма да берілді. Оның орындалуы екінші тоқсанның ортасында қаралатын болады.
Шынар Оразова