«Қазақстанда дүниеге келген әр балаға 4,2 млн. теңге берілуі керек»

287
фото m.sputnik.kz

Қазақстанда дүниеге келген әр балаға 4,2 млн. теңге берілуі керек. Осылай деген мәжілісмендер елдегі 15 пайыз баланың тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқанын жеткізді. Жалпы кедейлік тауқыметін тартқан қазақстандық балалар саны 1 млн-нан асып жығылады екен.

Қазақстандық балалардың 15 пайызы тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленуде. Осылай деген мәжілісмендер бала күтіміне берілетін қаржыны көбейту керек дейді. Және баланың гигиенасы мен ас-ауқатына да қосымша қаржы бөлуді ұсынды.

Сөздерінше, елдің болашағы болар нәрестеге берілетін жәрдемақы түрмедегі қылмыскерге бөлінетін қаржыдан бірнеше есе аз. Депутаттар сөзінше әр сотталушыға мемлекет айына 88 мыңнан теңге бөледі. Ал, жаңа туған сәбиге 16 мыңнан 25 мың теңгеге дейін жәрдемақы қарастырылған екен. Бұдан өзге халық қалаулылары елімізде ана капиталын енгізіп, дүниеге келген әр балаға 4,2 млн. теңге бөлуді ұсынды.

Ерлан СМАЙЛОВ, ҚР Мәжіліс депутаты: «Елімізде әрбір туған бала үшін қазақстандықтарға 4,2 миллион теңге мөлшерінде мемлекеттік төлем түрінде ана капиталын енгізу орынды. Осы қаражатты мақсатты пайдалану арқылы тұрғын үй сатып алуға және отбасының тұрғын үй жағдайын, балаға білім беру, анасының зейнетақы жинақтарын жақсартуға болады».

Қала берді, депутаттар темекі бағасын қымбаттату керек  дейді. Еліміздегі темекі экспортын жоғары деп бағалаған жауаптылар одан мол пайда табуға болатынын жеткізді. Тиісінше түскен олжаға мектеп, балабақша және аурухана салуға болады деп ұсыныс жасады.

Айбек ПАЯЕВ, ҚР Мәжіліс депутаты: «Келісімшартты ратификация жасау кезінде РФ оны жоғарыға көтеріп қойды. Теңгеге айтатын болсақ, 17 мың теңге. Сіз айтып отырған этап бойынша көтерілетін акциз ол өте төмен. Бүгінгі күні 11100. Неге біз 1-шілдеден бастап, 14 мың теңге қылып, 20 пайызға көтермейміз? 1-шілдеден бастап ставканы көтеруіміз керек. Кем дегенде 110 млрд. қосымша есеп береді. Ол деген сөз 110 мектеп, 110 денсаулық сақтау орындары».

Күн тәртібінде көтерілген тағы бір мәселе дәнді-дақылдардың қымбаттауы. Жауаптылар сөзінше өсімдік шаруашылығы 5 жылда 67 пайызға өскен. Мұның себебін мәжілісмендер тасымалдаушылар қызметінің тым қымбаттығынан көреді. Және акционерлік қоғамдардың бұл әрекеті халықтың қалтасын қағатынын жеткізді.

Берік БЕКЖАНОВ, ҚР Мәжіліс депутаты: «Өткен жылдың қыркүйек айында дәнді-дақылдарды еліміздің солтүстігінен оңтүстікке жеткізу құны 1 вагонға 471 мың 425 тг құраса, ағымдағы жылдың қаңтар айында 537 мың 148 тг дейін өскен. Айырмашылығы 65 мың 623 тг. Стратегиялық реформалар жөніндегі ресми статистикалық деректер бойынша өндірушілер бағасының өсуі дәнді-дақылдарға өткен жылмен салыстырғанда бидайға 20,3 пайыз, жүгеріге 24,5, арпаға 9,7 пайызға өсіп отыр».

Бұден бөлек, төменгі палата өкілдері жастарға берілетін жалдамалы пәтер құрылысына қаржы бөлуді тоқтатпауды сұрайды. 2019 жылы басталған жоба нәтижесінде 4000-ға жуық пәтер беріліп үлгерген. Биыл 3 қалада тағы 3000 пәтер беру жоспарланып отыр. Бірақ, бастапқы жоспар бойынша құрылысқа ақша бөлу 2022 жылы тоқтатылмақ.

Назерке Үкібасова