Саурандықтар Елбасыға алғыстарын жеткізді

408

12 ауылдық округті біріктірген жаңа Сауран ауданын құру жөнінде тарихи шешім үшін саурандықтар Елбасына алғыстарын жеткізуде.

Тарихи жаңалықты шын ықыласпен қабылдаған халық Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тарихы бастау алған игі іске байланысты Ұлт көшбасшысының қосқан елеулі еңбегіне риза. Саурандықтар Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы атануына ықпал еткен және қасиетті қаланы Арнайы Жарлығымен облыс орталығы етіп бекіткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Тұңғыш Президентіміздің ісін жалғастырып, Түркістанның дамуына күш салып жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыстарын жеткізді.

Өтеген ӘШЕНОВ, Сауран ауданының тұрғыны: «Бұрын Фрунзе ауданының орталығы еді. 1933 жылдан 1955 жылға дейін  аудан болған. 1955 жылы аудан тарқап, 66 жылдан кейін қайтадан елімізге оралды. Қуаныштымыз. Халқымыздың тілегін орындаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа, Мемлекет басшысына халықтың, елдің атынан алғысымыз шексіз. Осы күнді асыға күткен барша халықты қуантқан тарихи шешім үшін тұрғындар дән риза».

Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында жаңа ауданның құрылуына орай салтанатты шара өткен болатын.

«Түркістан қаласының іргесінен жаңа аудан құруға ұйытқы болған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазақстан республикасының Президенті Қасым — Жомарт Тоқаевқа барша Сауран ауданының жастары атынан шексіз алғыс айтамыз. Елге, жерге қызмет етуге шақырамын»,- деп үндеу тастады Сауран жалпы орта мектебінің мұғалімі Ердәулет БҰХАРБАЕВ.

Жиында кезінде ірі сауда орталығы негізінде құрылып, Ақ орданың астанасы болған Сауранға  тарихи мәртебесінің қайта берілуі жаңа ауданның дамуына серпін береді деп атап өтілді.

Шынар Оразова