Шымкентте 8 және 9 сынып оқушылары арасында төбелес болып, 1 оқушы ауруханаға түскен. Тағы бірнешеуі жарақат алған. Оқушылар арасындағы кикілжің №105 мектепте болған.

Зардап шеккен оқушылардың ата-аналарының айтуынша, 8 сыныпта оқитын үш баланы 9 сыныптың 40 шақты оқушысы қоршауға алып, тепкінің астына алған көрінеді. Төбелес 9 наурыз күні сағат таңғы 10-дар шамасында болған. Ал, ата-аналардың құлағына бұл жайт туралы тек түскі уақытта білген. Ата-аналардың айтуынша, балалар ауыр жарақат алса да мектеп әкімшілігі жедел жәрдемді оқушылардың туыстары келгенде бір-ақ ғана шақырған екен.

Замира БӨГЕНБАЙ, ата-ана: «Мен келгенде акт залда отыр еді. 10- да болған болса сағат түске дейін отырды ғой сол жерде. Кейін ата-аналар шақырған. Жедел жәрдем келгенде неге дабыра қылып жатсыңдар деп бөгет жасады. Менің балама және 3 балаға 40 бала ортаға алып ұрған ғой. Тепкілеген, ұрған сол жағдайда мұрны сынған».

Мектеп директоры төбелес орын алғанын растап отыр. Бірақ үш балаға 40 оқушы жабылмады дейді. Оқиға үлкен үзіліс кезінде болған екен. Алайда оны кезекші де, мұғалімдер де байқамапты.

Бахадыр МЫРЗАХМЕТОВ, №105 жалпы орта мектеп директоры: «3 бала жабылған. Бірақ ата-аналардың айтуынша ана жақтан, мына жақтан алып 20-30 бала жабылған деп жатыр. Сол күні барлығы түсініктеме жазды. Аудандық ІІБ-ға берілген. Ата-аналар арыз жазған».

Жәбір көрген 3 оқушының біреуі ауруханаға жатқызылған. Ал, екеуі медициналық тексеруден кейін үйіне жіберіліпті. Дәрігерлердің айтуынша, бала ауруханаға 18:00 – де түскен. Қазір баланың жағдайы жақсы, үйіне шығуға дайндалып жатыр екен.

Ержан БАЙДУЛЛАЕВ,Шымкент қалалық балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі: «9 наурыз күні жедел жәрдеммен 2006 жылғы ер бала келіп түсті. Ауруханаға келгендегі баланың шағымдары мұрын сүйегінің қисаюы, ісінуі, қан кету белгілері және бастың ауырсынуы. Балаға шұғыл тұрде диагностикалық тексеру жасалып, мұрын сүйегі хирургиялық жолмен қалпына келтірілді».

Төбелес кезінде жәбір көрген оқушылардың ата-аналары құқық қорғау органына арыз жазған. Ал, қалалық полиция департаментінен бұл жағдай бойынша қандай да бір мәлімет алу мүмкін болмады. Ата-аналар болса кінәлілердің барлығы толық жазалансын деп отыр.

Олжас Айдарбек