Мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерге қызмет көрсететін орталықтар асқан жауапкершілігі және жанашырлығы басым басшыны қажет етеді. Осыған байланысты қала басшылығының бастамасымен басшылық орындағы бос лауазымдарға үміткерлерді іріктейтін тәуелсіз комиссия құрылды.
Іріктеуді әділ әрі ашық өткізу мақсатында комиссия құрамына мүгедек балаларын асыраушы аналар, қоғамдық бірлестіктердің төрағалары, БАҚ өкілдері мен азаматтық белсенділер және блогерлер енді.
Комиссия мүшелері алғашқы отырыста қаладағы 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқуы бар I-II топ мүгедектеріне қызмет көрсететін «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-сі мен зейнеткерлерге арналған «Асыл жүрек» әлеуметтік –медициналық орталығы» КММ-не директор лауазымдарына үміткерлермен сұхбаттасты. Тосыннан қойылған сұрақтарға кандидаттардың жауаптары мен қызметке тағайындалған жағдайда жұмыс жоспарлары егжей-тегжейлі тыңдалды. Үміткерлер қызметке тұрғаннан кейін де сынақ мерзімінен өтеді.
Отырыста тәуелсіз комиссия мүшелері кандидаттарды іріктеу тәртібіне қатысты және алдағы уақытта арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына заң шеңберінде ескертусіз тексеру ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарын білдірді. Барлық ұсыныстар негізге алына отырып, алдағы уақытта комиссия құзыретінің ауқымы кеңеймек.