Тәртіп сақшылары 57 млн. теңгенің интернет-алаяқтығын жасаған күдіктіні қолға түсірді

306

Ақпараттық технологиялар дамыған сайын интернет алаяқтықтық түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Ал, олардан зардап шегушілер де қомақты қаржысынан айрылып қалып жатыр.

Түркістан облысында жыл басынан бері екі айдың ішінде 81 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткішті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 есе көп екендігіне көз жеткіземіз.

— Интернет алаяқтық деп — ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады – дейді Түркістан облысы полиция департаментінің КПБ аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Шыңғыс Жайлаубек.

Жалпы 2020 жылы өңірде 225 интернет алаяқтығы бойынша қылмыстық іс тіркелген. Олардың басым бөлігі Түркістан, Кентау қалалары мен Жетісай, Сарыағаш, Келес аудандарында орын алған. Интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Атап айтар болсақ, БАҚ арқылы және әлеуметтік желілер арқылы аталған қылмыстардың алдын алу бойынша мақалалар мен роликтер таратуда. Одан бөлек, халық көп шоғыраланатын, жүретін қоғамдық орындарда, көшелерде тақырыптық бильбордтар ілінуде. Учаскелік полиция инспекторлары да халыққа жадынамалар таратуда.

Сондай-ақ, интернет алаяқтарымен күресте қырағылық танытқан полицейлер, күдіктілерде дер кезінде құрықтауда. Мәселен, Мақтаарал АПБ-не арызданған жергілікті тұрғын әлеуметтік желі арқылы бір топқа кіріп, ақшасын екі есеге ұлғайту мақсатында 19 мың теңгесін аударғанын айтқан. Алайда топтың ұйымдастырушысы ақшаны алысымен ізін суытыпты. Аталған қылмыстық істі полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында мақтааралдық тәртіп сақшылар бір тәулік ішінде алаяқтық жасады деген әйелді ұстады.
Дәл осындай жағдай Жетісай ауданында да болған. Интернет алайқтарға алданған жергілікті тұрғын 980 мың теңгесін аударып жіберген. Бұл іске қатысы бар 2 күдікті әйел ұсталды.

Өткен жылы түркістандық тәртіп сақшылары 57 миллион теңгенің интернет-алаяқтығын жасаған күдіктіні қолға түсірді. Ол телефон арқылы өнімдерге тонналап тапсырыс беріп, өз есепшотына ақшасын аудартып алған соң, байланысты бірден үзіпген. Күдікті Нұр-Сұлтан қаласынан ұсталды.

— Мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал, егер бірнеше рет жасалған алаяқтық қылмысы болса, мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады — дейді полиция капитаны Шыңғыс Жайлаубек.

Бүгінгі таңда техника дамыған сайын, ғаламтор арқылы өз олжасына оңай қол жеткізетіндер көбейіп жатқаны анық. Олар қарапайым телефонен-ақ жоспарларын жүзеге асыруда.
Сондықтан, полиция қызметкерлері әрдайым интернет алаяқтардан абай болу керектігін ескертеді және қауіпсіздікті сақтау бойынша бірнеше кеңестер береді.
Яғни, жұмысқа қабылдаймын немесе мемлекеттен берілетін жәрдемақыларды, әлеуметтік көмектерді т.б сізге күмән келтіретіндей жолмен ұсынса, ақпардың нақтылығына және заңды екендігіне көз жеткізіңіз!

— Онлайн арқылы несие алу деген секілді тез және оңай орындалатын қызметтерге күмәнмен қараңыз!
— Әлеуметтік желілердегі әр түрлі тауарларды, өнімдерді және қызметтерді сатуға арналған жарнамаларды қарағанда сақ болыңыз!
— Әр түрлі банктердегі шоттарға төлем аударуды талап еткен жағдайда мұқият болыңыз! Алдын ала төлем жасамаңыз!
— Абоненттік нөмеріңізге келіп түскен СМС кодты үшінші тұлғаларға жібермеңіз.
— Тауарларды расталмаған сату көздерін пайдаланбаңыз!
— Интернетте, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы жасалатын күмәнді мәліметтерден бас тартыңыз!
— Төлем жүйелерімен белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз!
— Басқа қалаға арналған қосалқы бөлшектерді сатып алғанда, достарыңыз бен таныстарыңызға айтып, сатушымен кездесуге және сатып алынған өнімді тексеруді өтініңіз. Әбден көз жеткізіңіз!

— Бейне байланыс жүйесі арқылы сатушының өз төлқұжатын көрсетуін сұраңыз!
Сонымен қатар, ең бастысы сіз ешкімге банк шотыңыздың толық нөмірін, құпия сөздерін беруге, айтуға міндетті емессіз!
Ең бастысы өзіңізге сеніңіз.
Алаяқтардан абай болыңыз!