Тісімен мәтін теріп, табыс тауып жүр

222

Елімізде бұрын-соңды болмаған мотиватор Шымкенттен шығуы мүмкін. Ол 28 жастағы қала тұрғыны – Шалқар Қуанышбаев. Осыдан 10 жыл бұрын арбаға таңылған азамат тағдырдың сынағына мойымай келеді. Тіпті бүгінде тісімен жазу жазып, жұмыс істеуге кіріскен. Одан алатын еңбекақысы да жаман емес. Копирайтерлікті меңгерген азамат енді мотиваторлықты қолға алмақ.

Шымкенттік Шалқар Қуанышбаев бала күнінен оқуға әуес. Ұлдарға арналған лицей шәкірті ҰБТ-дан да жоғары балл жинапты. Және Назарбаев университетінен бөлек, 3 оқу орнына грант алған. Алайда, ғарыш саласын меңгергелі отырған оның тағдыры бір күнде өзгеріп шыға келді. Бассейнге сүңгимін деп мертіккен жігіт бүгінде арбада отыруға мәжбүр.

Шалқар ҚУАНЫШБАЕВ, Шымкент қаласының тұрғыны: «Өзінің басына қиыншылық түскен кезде өзінен емес, өзгелерден көреді көбіне. Сырттан кінәлі адамдарды іздейді. Өзіме де сол не жаздым деген келеді. Менде таңдау болды ана жерде секіру, секірмеу деген сияқты. Мен секіруді таңдадым. Сол сияқты кейбіреулер отбасында жағдайы қиын болуы мүмкін. Ол да өз таңдауы».

Тағдырдың бұл сынағы Шалқарды сындыра қойған жоқ. 10 жыл бойы төсек тартып жатқан жігіт бүгінде жаңа мамандық иесі атанған. Тісімен жарнамалық мәтіндерді жазып, ақша табады. Сөзінше талпынған адамға тығырықтан шығатын жол қашан да табылады. Өзгеден ақша сұрауға намыстанған ол қазіргі еңбекақысын қанағат тұтады.

Шалқар ҚУАНЫШБАЕВ, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жақында 43 мың теңгедей тапсырысқа мәтін жаздым. Маған ол жетістік. Мен үшін ол үлкен еңбектің нәтижесі. Өмірлік жұмысым деп айта алмаймын. Ол біріншіден менің денсаулығыма зиян. Оны қазір байқап жатырмын. Көру қабілетім де нашарлап жатыр. Өзім ақша табайыншы дегеннен басталды ғой бәрі. Ол мақсатқа жеттім».

Бірақ, білім қуған Шалқар мұнымен тоқтап қалмаймын деп отыр. Мүмкіндігінің бұдан да зорына сенетін ол енді мотиватор атанбақ. Бұл бастама оған жайдан жай келмепті. Сөзінше, жанындағы жақындары, достары мен таныстары үнемі кеңес сұрап отырады. Енді бұл қабілетін ел алдында көрсетуге бекінген қала тұрғыны қазір ізденіс үстінде жүр.

Шалқар ҚУАНЫШБАЕВ, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осыдан кейін сахнада ораторлықты үйреніп, сахнада адамдарға шабыт берсем ба деген ниетім бар. Мен бақытты адамдарға көмектесу, пайдамды тигізу мақсатым деп білем. Қазір көп адам маған жақсы пікір қалдырады. Жақсы тілек айтады. Маған сол шабыт береді. Адамдарға пайдамның тигенін білу бақыт сыйлайды».

28 жастағы жас мотиватор ешкімнен көмек күтпейді. Қайта елге пайдалы болуды қалайды. Ол үшін біраз кітапты кеміруге тура келетінін де жасырмайды. Айтуынша, ел алдында сөйлеу бұған дейін оның ең үлкен қорқынышы болған. Алайда, тағдырдың салған сынағы ештеңеден қаймықпай, сахнада сөз сөйлеуге бейімдейтініне ол нық сенімді.

Назерке Үкібасова