Түркістан облысында газ желілері жаппай тексеріледі

60

Түркістан облысында әр үйдегі газ құрылғыларының орнатылу тәртібі жаппай тексеріледі. Табиғи газды тұрмыста пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары толық сақталуы тиіс. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық мәжілісте осындай тапсырма берді. Облыс басшысы газ пештерін орнатуда жіберілген қателіктер үшін жауаптыларға шара көруді міндеттеді.

Осы мәселеге қатысты Түркістан облысы ТЖД басшысы Нұрғали Жүнісов баяндама жасады. Жылыту маусымы басталғалы үгіт-насихат жұмыстарының барысында 45 мыңнан астам өрт қауіпсіздігінің кемшіліктері анықталып, ретке келтірілген.

«Арнайы топ камин пештер пайдаланбауға, одан бөлек шатырдан шыққан құбырларды да бекітіп қоюға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Өкінішке орай, тұрғындардың көпшілігі біз кеткен соң, қайтадан өз дегендерін істеп, қауіпсіздік ережелерін бұзуда. Оған дәлел, екінші рет барғанда анықталып жатқан фактілер де бар. Төтенше жағдай саласы тарапынан осы камин пештерін пайдаланғаны үшін әкімшілік шараға тарту немесе оны тоқтату талаптары қарастырылмаған», – деді департамент басшысы.

Облыс аумағында жалпы 376 мыңнан астам жеке тұрғын үйлер есепке алынған. Оның 204 мыңнан астамы табиғи газ пайдаланады. Бұдан бөлек, өңірде 1,5 мыңға жуық көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан.

QAINAR KÓZТүркістан облысы ТЖД қоғаммен байланыс тобы.