Шымкентте жыл сайын көктем мезгілі келгенде әдеттегідей айналаның тазалығы, арық көздерін ашу, ағаш отырғызу, ағаштарды бұтап, түбін әктеу үрдіске айналған. Осы орайда, бүгін Шымкент қаласында жалпықалалық сенбілік өтті.
Тазалық шарасына мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, кәсіпкерлер, тәртіп сақшылары, шаһар тұрғындары және еріктілерден құралған жалпы сегіз мыңнан астам тұрғын қатысты.
Қала әкімдігінің бастамасымен қолға алынған сенбілікте қатысушылар төрт аудандағы саябақтар мен гүлзарларды, аулалар мен көшелерді және арық-атыздарды қоқыстан тазартты.
Сенбілікке қала әкімі Мұрат Әйтенов те атсалысып, шаһар тазалығына өз үлесін қосты. Мұрат Дүйсенбекұлының басшылығымен Абай ауданының аумағына 20 мың түп қарағаш пен жыңғыл ағашы отырғызылды.Көшеттер Ақжар тұрғын алабына дейінгі көшенің бойына, мұсылман мазаратының маңына және Бадам өзенінің жағалауы сынды жерлерге егілді.
Жалпы сенбілік барысында Қаратау, Абай, Еңбекші, Әл-Фараби аудандары аумағында тазалық жұмыстары қызу жүргізілді. Атап айтсақ, Қаратау ауданы бойынша жалпы 8 секторға бөлініп, көпқабатты үй ауласымен ішкі орам көше бойларындағы жасыл аймақ, жаяу жүргіншілер жолы, сынған бұтақтар мен қоқыстан тазартылды.
Сондай-ақ көпқабатты үй ауласы мен ішкі орам көшелерінің бойларына 2000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Абай ауданы бойынша 20 мың түп ағаш егілсе, оның ішінде 10 мың түп қарағаш, 10 мың түп жыңғыл ағашы бар. Сонымен қатар, 258 ауланың 72-не 3 мың түп раушан гүлі егілді. Әл-Фараби ауданы бойынша «Сәуле» және «Береке» шағындаудандарында (№276 және №195 орам) жаңадан салынған жолдардың аумағында сенбілік ұйымдастырылып, жалпы 1300 ағаш отырғызылды. Еңбекші ауданында 1-ші автожол көшесінің бойына, 16 ш/а №39 орта мектеп аумағы мен «Фосфоршылар» мәдениет сарайы аумағында сенбілік өтіп, тұрғындар белсенділік танытты. Аталған аудан аумағында жалпы 2000 мың түп ағаш отырғызылды. Бұл күні қала әкімдігінің құрылымдық 10-нан астам басқарма қызметкерлері Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябағына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, жалпықалалық сенбілікке 130-дан аса арнайы техника жұмылдырылды. Жиналған қоқыстар қала сыртына шығарылды. Барлық жұмыстар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жасалынды.