«Бажасына сенген» көлік жүргізушісі жауапқа тартылды

137

Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Жолдың қарсы бетіне шығып көлік тізгіндеген жас жігіт полицейлерге бағынбай, Жұмабек есімді азамат барлығына жауап беретіндігін айтып, ары қарай жүріп кетеді.

Көлік тізгіндеген азамат бұл кісінің өзіне бажа болып келетінін айтып, тіпті погондыларға құжатын көрсетуден де бас тартқан. Сонымен, бажасы сеніп жүрген Жұмабек есімді кім?

Мына кадрлар Түркістан облысы Шәуілдір ауылында түсірілген. Орталық көшенің қарсы бағытына көлікпен шығып кеткен. Алайда бұл қызықтары ұзаққа созылмады. Олардың бұл қылықтарының видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.

Жұмабек деген белгісіз адамның бажасымын деген жүргізуші полицейлерді пысқырмады да. Оларға ешқандай құжат та көрсетпеймін деп, қозғалысын ары қарай жалғастырды.

Кейінірек бажасына сенген көлік жүргізушінің істеген қылығы үшін кешірім сұраған видеосы пайда болды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. 24 жастағы жігіт бұл ісін білместікпен жасағанын айтады.

Қанат СЕЙТХАНОВғ жол ережесін бұзған жүргізуші:  «Шәуілдір ауылына қонаққа келіп едім, білместікпен қарсы бағытытта жүрдім. Жүргенімді мойындаймын. Енді қайталанбайды. Өкінемін. Полиция қызметкерлерінен кешірім сұраймын».

Ауылға келіп «тайраңдаған» қалалық азамат кешірім сұрау кезінде онысын білместікпен жасағанын айтты. Алайда, мына кадрларда қарсы бағытта кетіп бара жатқандығын анық айтып отыр.

Ал, облыстық Полиция департаментіндегілер жол ережесін өрескел бұзған жігітті тәртіп сақшылары сол күні соңынан қуып, тоқтатқанын айтты. «Лада Приора» жүргізушісіне екі бірдей баппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылыпты. Көлік айыппұл тұрағына қойылған. Сонымен қатар, жүргізушінің мас хәлде болмағаны анықталған.

Салтанат ҚАРАКӨЗОВА, Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі: «Полицей лейтенанты табандылық танытып, сол «Лада» жүргізушісін қуып жетеді. Оған қатысты сол түні ҚР Әкімшілік кодексінің 2 бабы бойынша, 596 және 613 баптар бойынша хаттамалар толтырылып, автокөлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр. Жинақталған материалдардың барлығы сотқа жолданған».

Жұмабекке сенген жүргізушіні бажасы құтқара алмады. Ал Жұмабектің әлі кім екені анықталған жоқ. Белгілісі, Полиция департаментіндегілер Отырар полиция бөлімінде Жұмабек Төлеген есімді полиция майоры жұмыс істейтінін айтты. Ол әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы лауазымында екен.

Бүгінде аталған оқиға бойынша Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен майордың үстінен қызметтік тексеру жұмыстары басталып кетіпті.

Олжас Айдарбек