ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедициясы Түркі елдеріне ортақ жобаға айналады.

Бүгін Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) Қазақстандағы кординаторы Исмаил Гюрлек
«Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық жобасымен тереңірек танысу мақсатында Түркістан қаласына арнайы іссапармен келді.

Сапар барысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжановпен кездесіп,
Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, әрі жиені Жүсіп атаның ұрпағы Сейдәлім Юлдашев ақсақалдың қолындағы тарихи қолжазбалармен танысты.

-Ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің тарихын түгендеп, деректерін іздеу мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі жасап жатқан жұмыстар Түркия халқы ғана емес жалпы Түркі елдерінің ортақ қуанышына айналды деуге болады. Түркия Республикасының телеарналарында «Ясауи ізімен» жобасы арқылы табылған шежірелер мен тарихи мұралар жайлы хабарлардың шығуы сол сәтте-ақ үлкен жаңалыққа айналып, ерекше қозғалыс тудырды. Мен сіздерге министрлеріміз бен агенттік басшыларының сәлемі мен алғысын жеткізгім келеді. Бұл жобаның әрі қарай да кең ауқымды жүзеге асуына қолдау көрсету үшін өз ұсынысымызды білдіреміз. Жобаға атсалысу біздің де парызымыз»,-деді Исмаил Гюрлек мырза.

Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі өкілінің айтуынша, шежірелердің түпнұсқасын толықтай аударуға арнайы орталықтарды жұмылдырып, жәдігерлерді реставрациялау, заманауи үлгіде электронды кітап шығарып Түркі елдеріне түгелдей танытуға қолдау көрсетуге ниетті.

– Қожа Ахмет Ясауи тарихының ашылмай тұрған жұмбақ беттері қаншама. Бабамыздың шәкірттері 100-ден аса елге таралған. Оның ұрпақтары мен шәкірттерінің дерегін ақтара отырып, Ясауи әлемінің де ақтаңдақ беттеріне бойлай алатынымыз шындық. Мінекей, жуырда ғана табылған Жүсіп ата қолжазбасы арқылы Қожа Ахмет Ясауидің туған әпкесінің аты-жөні туралы деректерді анықтап отырмыз. Бұл деректер бұған дейін ешбір жерде кездескен жоқ.Әзірет Сұлтан бабамыздың жиені Жүсіп атаның тарихына қатысты қолжазбадан тарихи тың деректердің сыры ашылып келеді. Толығырақ алдағы уақытта белгілі болады. Шежірені аудару ісімен арнайы мамандарымыз айналысып жатыр.

Бұдан бөлек, «Ясауи ізімен» жобасы аясында жуырда ғана Ахмет Ясауи бабамыздың ұрпағы Өзбекстан Республикасының Наманган қаласында тұратын 98 жастағы Ибрахимжан ақсақалдан шежіре мен мөр таптық. Ахмет Ясауидің нағашысы Тағайын атаға тиесілі 800 жылдық асатаяқ та мәлім болды. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады. Қолдау көрсетуге оң ниет танытып, арнайы келгендеріңіз үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Күш біріктіріп еңбек ете отырып Түркі халықтарына ортақ жарқын дүниені жарыққа шығаратынымызға сенімдімін. Сонымен қатар, Исмаил Гюрлек мырза екеуміздің арамызда реставрациялау жұмыстары, музейлендіру және Үкаша ата кесенесі жанына сапар орталығы мен мешіт, музей ғимараттарын салу, абаттандыру мәселелері қозғалды. Аталған жобаларға Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің өкілі оң көзқарасын білдірді,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Ресми кездесу барысында
«Ясауи ізімен» жобасының жүйелі жұмысын арттыруға бағытталған іс-әрекетті үйлестіру, ғылыми жоба аясында анықталған, табылған тарихи құнды материалдарды насихаттау, қажет жағдайда реставрациялау, түркі дүниесіне кеңінен таратуды дамыту перспективаларын қарастыру, Ясауи есімімен байланысты діни және тарихи-ескерткіштерді насихаттау мақсатында бірлескен экскурсиялық маршруттар құру, қос тарап та өз құзыреті шегінде ұзақ мерзімді және жан-жақты қарым-қатынасты дамыту, туристік имиджді қалыптастыру, музей саласы мамандарының тәжірибе алмасуға және кәсіби біліктілігін арттыруға, тұрақты туризмді дамытуға бағытталған іс-шараларға қолдау көрсету, тарихи-мәдени қарым-қатынасты нығайту сынды көптеген мәселелер талқыланды.

Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің өкілдері екі күнге созылған ресми сапар барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, ортағасырлық Сауран қалашығы мен Үкаша ата кесенесі және құдығымен танысты.