Облыс аумағында табиғат қорғау заңнамаларын бұзуды анықтау, алдын алу жұмыстарын жандандыру мақсатында арнайы 2 мобильдік топ құрылды. Олар облыс аумағына іссапарларға шығып, мүдделі мекеме қызметкерлерімен бірлескен рейдтік шаралар ұйымдастырды. Осы жұмыстар нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамаларын бұзғаны үшін 2 қылмыс, 31 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 200 000 теңгеден астам айыппұл салынды.

Заңсыз балық аулау бойынша 2 қылмысты атап өтсек: Оның бірінде Сырдария өзенінде үрмелі қайықпен, заңмен тыйым салынған электр тоғын пайдаланып, балық аулап отырған жерінен 2 ер адам ұсталды. Құқық бұзушылардан балық аулауға арналған құралдармен қатар, 94 келіден астам сазан балығы тәркіленіп алынды. Сондай-ақ күдікті азаматтар мақтааралдық тұрғындар болып шықты. Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің барлық мән-жайын анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізді.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Екінші жайтта Шардара су қоймасында ау-тор пайдаланып, темір қайықпен заңсыз балық аулаушылар ұсталды. Олардан айғақты зат ретінде 200 келіге жуық балықтар тәркіленді. Құқық бұзушылар Шардара АПБ-ға жеткізілді. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 335-бабымен тіркеуге алынды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық аулау, сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді жоюдың соңы заң аясында жауапқа тартылуға әкеп соғатынын еске салады. Бұл бағыттағы жұмыстар мобильдік топпен өз жалғасын таба бермек.