Тоқтамай жауған жаңбыр, тозығы жеткен ирригациялық жүйелердің салдарынан Абай ауданы аумағында келеңсіз жағдайларды тудырды. «Самал» шағынауданы мен саяжайларда ирригациялық жүйелер толық аяқталмағандықтан, жаңбыр суы аулаларға толып,  кейбір жерлерде тіпті тұрғын үйлерді жер төлелеріне жиналған.

Аудан әкімдігі төтенше жағдайлар басқармасы мамандарымен аумақты аралап, 14 жерде шұғыл түрде ирригациялық жүйелерде жөндеу жұмыстарын жүргізу анықтаған. Оған енді қаржы қаралуы керек. «Көшелерді ұзындығы әр қилы болғандықтан сәйкесінше сметалар жасалуда»,- дейді Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов.

«Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов, тиісті басқарма, төтенше жағдайлар басқармасы басшыларымен бірге  талдау жүргізіп,  бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін, салынатын ирригациялық  жүйелер анықталды. Абай ауданы әкімдігі тарапынан жобаға сәйкес  қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсыныс жолданған. Құжатта 30 шақырымға жуық жерде ирригациялық жүйелерін жөндеу көрсетілген. Аудан аумағында сын көтермейтін  14 жер бар. Оларды  ретке келтіру бойынша жоспарлы жұмыс жүргіземіз»- деп сендірді  Бұхарбай Парманов.

Шынар Оразова