Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов жауаптылармен әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан тұрғын үй құрылысының барысымен танысты.
Мұнда тоғыз қабатты 8 тұрғын үйдің құрылысына 2019-2020 жылдары 3 млрд. теңге қаралып, биылдыққа 1,3 млрд. теңге қарастырылған. Жоспар бойынша 3 тұрғын үй биыл маусымның аяғында, 3 үй қыркүйекке дейін пайдалануға тапсырылуы тиіс болатын.
Қала әкімі өндіріс кестесінен кешіккен мердігерлерге шара көрілетінін және жобалық сметалық құжатқа сәйкес жүргізілуі тиіс жұмыстар мерзімінде сапалы орындалуы қажет екендігін оларға кезекті рет тапсырды.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Құрылысқа қажетті қаржылар бөлініп жатыр, сондықтан құрылысшылар құрылысты дұрыстап жүргізуі тиіс. Әсіресе жылу жүйесіне аса назар аудару қажет. Су жүйесіне де».
3 мердігер компания салып жатқан 8 үйдің екеуі дайын. Жалпы биыл 448 пәтер баспана кезегіндегі азаматтарға бөлінеді деп көзделуде. Шаһар басшысы нақтылағандай тиісті басқармалар, техникалық қадағалау мекемесі үйлердің құрылысымен қоса осындағы инфрақұрылымға да аса назар аударулары қажет.
Шынар Оразова